Гүлзия Қарсыбайдың айтуынша, жастарды алаяқтық схемаларға тартудың ең кең таралған тәсілі – дропперлік.
"2026 жылдың басынан бері дропперлікке қатысы бар деген күдікпен 1 073 қылмыстық іс қозғалды. Нәтижесінде бұл әрекет үшін 299 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды", – деді ол.
Оның атап өтуінше, алаяқтық схемаларға көбіне студенттер тартылады. Кейін олар өз кезегінде достары мен курстастарын да осындай әрекеттерге үгіттей бастайды.
"Олар тартылған әр адам үшін 10 мыңнан 50 мың теңгеге дейін сыйақы алады. Біздің мәліметіміз бойынша, студенттердің 13 мыңнан астам банк картасы дропперлік схемаларға тартылған. Мәселен, Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінде 83 студент анықталды. Олардың 18-і бір факультетте оқиды. 24 студенттің банк картасы есірткі саудасына қатысты схемаларда пайдаланылған. Алматыдағы тағы бір жоғары оқу орнында жеті дроппер анықталды. Олардың бірі 2022 жылдан бері алты банктің картасын пайдаланып, 800 млн теңге аударған. Түркістандағы жоғары оқу орындарының бірінде 24 студент анықталды. Олардың 14-інің картасы есірткі саудасына қатысты схемаларда қолданылған", – деді спикер.
Оның түсіндіруінше, дропперлер – алаяқтар ұрлаған ақшаны қабылдау, аудару немесе қолма-қол ақшаға айналдыру үшін өздерінің банк карталары мен шоттарын пайдаланатын делдалдар.
Осыған байланысты ол жастарды оңай әрі жоғары табыс уәде ететін жұмыс ұсыныстарына сенбеуге шақырды.
"Оларға онлайн жұмыс, толық емес жұмыс күні ұсынылады. Сонымен қатар кез келген екінші деңгейлі банктің картасы болуы керек екенін айтады. Мұндай жұмысқа келіспеңіздер. Әлеуетті жұмыс берушілер туралы ақпаратты әрдайым ашық дереккөздерден тексеріңіздер. Ең бастысы – банк карталарыңыздың деректерін бермеңіздер және дроппер болу туралы ұсыныстарға келіспеңіздер", – деді ол.