Марқұмның туған-туыстары мен жақындарына, әріптестеріне Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" ұлттық киностудиясы мен "Қазақанимация" шығармашылық бірлестігі көңіл айтты.
Алтынбек Өмірзақов қазақ анимациясының негізін қалаушы Әмен Қайдаровтың алғашқы шәкірттерінің бірі болған. Ол бүкіл ғұмырын осы жанрдың дәстүрін сақтауға және жас мамандарды тәрбиелеуге арнады.
Ұзақ жылдар бойы шебер Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының колледжінде сабақ беріп, мол тәжірибесін жастарға үйретті. Оның мамандығына деген адалдығы, білімі мен өнерге деген сүйіспеншілігі ондаған жас аниматордың қалыптасуына ықпал етті.
"Алтынбек Өмірзақовтың шығармашылық жолы, ұлттық өнерге деген адалдығы мен шәкірт тәрбиелеудегі еңбегі қазақ анимациясының тарихында өзіндік орын алады. Марқұмның жарқын бейнесі әріптестері мен шәкірттерінің жүрегінде мәңгі сақталады", – делінген хабарламада.