Ақтауда құжат рәсімдеудегі қателік баланы балабақшасыз, анасын жұмыссыз қалдырды

Фото: pexels
Ақтау қаласының тұрғыны баласын бір апта бойы балабақшаға апарғаннан кейін, құжат рәсімдеу кезіндегі қателікке байланысты оны енді әкелмеуді сұрағанын айтты. Соның салдарынан әйел жұмыстан шығуға мәжбүр болған, деп хабарлайды Zakon.kz.

Lada.kz басылымының жазуынша, отбасы Indigo жүйесі арқылы ваучер алып, онлайн келісімшарт жасасқан және баланың тамақтануына ақы төлеген. Алайда кейін баланың балабақшаға ресми түрде қабылданбағаны анықталған.

Әйелдің айтуынша, ол Indigo жүйесі арқылы қазақ тобын таңдап, ваучер алған. Қажетті құжаттарды тапсырып, онлайн келісімшарт рәсімдеп, тамақтану ақысын төлеген. Бала балабақшаға бір апта бойы барып жүрген. Осы уақыт ішінде анасы жұмысқа да орналасып үлгерген.

Алайда бір күні жұмыс уақытында оған балабақшадан қоңырау шалып, баласын шұғыл алып кетуін сұраған. Мекеме қызметкерлері баланың балабақшаға қабылданбағанын түсіндірген. Абдырап қалған ана балабақшаға келгенде, құжаттардың дерекқорға тіркелмегенін білген.

"Бізге жай ғана: "Кешіріңіз, осылай болып қалды, енді балабақшаға кезектің қайта келгенін күтіңіз", – деді. Ақшаны қайтарды, бірақ мен жұмыссыз қалдым. Жұмыстан шығуға мәжбүр болдым. Енді жаңа орынның қашан берілетіні белгісіз", – дейді қала тұрғыны.

Қалалық білім бөлімінің түсіндіруінше, Indigo жүйесінде брондалған ваучер автоматты түрде жойылған. Құжаттар толықтыру үшін кері жіберілгенімен, ата-ана жүйеде белгіленген мерзім ішінде оларды толықтырмаған.

Сонымен қатар ведомство балабақша қызметкерлері тарапынан заңбұзушылықтар болғанын растады. Білім бөлімінің мәліметінше, медбике мен басқа да қызметкерлер баланы дерекқорда қабылдау рәсімін аяқтамай-ақ топқа қосқан. Сондай-ақ олар баланы басқа өтініш берушімен шатастырған.

Білім бөлімінің хабарлауынша, баланың тамақтануына төленген ақша ата-анаға толық қайтарылған. Балабақша меңгерушісі мен медбикеге тәртіптік жаза қолданылған.

Баланың балабақшаға қайта қашан орналаса алатыны әзірге белгісіз.

Бұған дейін Ақтауда балалар сырғанағынан сырғанау кезінде бір жастағы қыздың саусағының бір бөлігі зақымданып, ампутацияланғаны хабарланған болатын.

Қазақстан
Ақтау

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

21 қазанда Астана мен Алматыдағы ақша айырбастау орындарында валюта бағамы қандай

Алматыда алғашқы қар жауып, күн -4°C-қа дейін суытады

2027 жылдан бастап АӘК беру мөлшері мен шарттары бекітілді

"Қалың қар жауып, бұрқасын жүреді". Еліміз бойынша 22 қазанға арналған ауа райы болжамы

"Қыстың жақындағаны сезіледі": Қазақстанда ауа температурасы -10°C-қа дейін төмендейді