Халықаралық федерациялар ұлттық олимпиада комитеттерімен бірлесіп, қысқы Олимпиада ойындарына қатысатын спортшылардың тізімін бекітіп жатыр. Бұл спорт мерекесінен қазақстандық спортшылар да қалыс қалмайды. Алдын ала мәлімет бойынша, Қазақстаннан олимпиада ойындарына кемінде 31 спортшы барады. Олардың бәрінің 60-қа жуық лицензиясы бар.
Жерлестеріміз Бейжіңде мына спорт түрлерінен өнер көрсетеді: биатлон, конькимен жүгіру, шаңғы жарысы, шаңғы қоссайысы, шаңғымен секіру, фристайл-могул, фристайл акробатика, тау шаңғысы және шорт-трек.
Медальға әркімнің-ақ бар таласы
Нақты деректер бірер күнде белгілі болады.
Қысқы олимпиада ойындарын жазғысына қарағанда болжау қиын. Себебі шаңғы жарыстары ашық алаңда өтетіндіктен, жалпы нәтижеге ауа райы да әсер етеді.
ҚР Ұлттық олимпиада комитеті спорт дирекциясының басшысы Елсияр Қанағатов қарашада қысқы спорт түрлерінен финалға, ТОП-10-ға кіре алатын тоғыз спортшымыз бар екенін және оларға ерекше үміт артылатынын айтты. Комитет спортшылардың Олимпиадаға дайындалуы үшін барлық жағдайды жасаған.
Америкалық сарапшылардың сөзінше, Қазақстан осы олимпиада ойындары кезінде фристайл-могулден бір қола медаль алады. Ал алдыңғы орындарды Норвегия, Германия, Канада спортшылары жеңуі мүмкін.
Нидерландтағы Gracenote Nielsen Company спорттық-аналитикалық агенттігі олимпиада ойындарына болжам жасап отырады. Олар Пхенчханда өткен олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасының нешінші орын алатынын алдын ала дұрыс болжаған еді.
Кейінгі төрт жылда өткен ойындарды талдай келе, мамандар Қазақстан құрамасы "Пекин-2022" олимпиадасында бір күміс медаль алады деп отыр. Gracenote мәліметінше, ойындардың көшбасшысы Норвегия, Ресей және Германия құрамалары болады.
Tumblr порталы алгоритмдерді пайдалана отырып, есептеп көрді. Жүйе бойынша медаль уәде ететін елдердің тізімінде Қазақстан жоқ. Ал Норвегия, Канада және Ресей командасы көшбасшы болуы керек.
Маусым нәтижесі
Жаттықтырушылар мысалы, фристайлда "шың" деген ұғым жоқ екенін айтады. Себебі әр старттың шарты әрқалай болады.
Кейінгі әлем чемпионаттары мен қазіргі қысқы спорт түрлерінен өтіп жатқан әлем кубоктарының нәтижесіне қарай қазақстандық спортшылар Бейжің олимпиадасында фристайл-могул, фристайл акробатика, шорт-трек және конькимен жүгіруден жүлдеге үмітті. Себебі жерлестеріміз бірнеше маусым бойы осы спорт түрлерінен жүлдемен оралды. 2021 жылдың көктемінде Алматыда өткен әлем чемпионатында да Қазақстан құрамасы үш медаль жеңіп алған еді.
Алдын ала болжауға болмайтынын білсек те, Қазақстан құрамасынан кем дегенде бір күміс немесе бір қола медаль күтеміз. Бәлкім тағы да жүлделер болады. Қалай болғанда да, біздің спортшылар негізгі старттарда ел намысын қорғап шығары сөзсіз.