Қазақстанда Назарбаевтың тапсырмасымен тағы бір киностудия құрылады

Елімізде тағы бір киностудияның ашылатыны мәжілісте "Кинематография туралы" заң жобасын қарау кезінде белгілі болды.

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы "Астанафильм" киностудиясын ашу не үшін қажет екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министрдің айтуынша, қазір ведомство ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, жаңа киностудия Қазақстанға келешекте қаншалықты пайда алып келетінін анықтап жатыр.

"Елбасының тапсырмасымен "Астанафильм" киностудиясын салу бойынша жұмыстарды бастадық. Ең алдымен, ұлттық экономика министрлігімен бірге оның тиімділігін, келешекте Қазақстанға қаншалықты пайда алып келетінін анықтап жатырмыз. Бірақ, бізге "Астанафильмі" қажет. Неге десеңіз, үлкен мемлекет болсақ та, бір ғана "Қазақфильм" студиясы бар. Ал "Қазақфильм" киностудиясының сұранысты қанағаттандыруға мүмкіншілігі жетпей жатыр. Сондықтан біз қажеттіліктерді қанағатандыру үшін бар жағдайды жасауымыз керек", — деп түсіндірді Арыстанбек Мұхамедиұлы мәжіліс кулуарында.

Министр қазір техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатқанын, киностудияға бөлінген жердің нұсқасы барын айтты.

"ЭКСПО-ның айналасында орналасатын шығар деп ойлаймын. Егер биыл техникалық-экономикалық негіздемені аяқтасақ, келесі жылы құрылыстың бірінші кезеңін бастауға өтінім береміз", — деген ол киностудия ғимаратының сәулетіне де баса назар аударған жөн екенін атап өтті.

Мұхамедиұлы "Астанафильм" студиясы Қазақстанның кино саласында алға қойған мақсаттарын орындауға бағытталғанын айтты.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: