Андрей Губин қатысқан шоуда Билан жылап, залдағылар ұзақ қол соқты

Миллиондаған бойжеткеннің жүрегін жаулаған Андрей Губин бүгіндері жалғыздықта Уфада өмір сүріп жатыр.

"Лиза" деген хитпен посткеңестік кеңістік көрермендеріне танылған Андрей Губин таяуда "Голос" атты ресейлік жобаға қатысып, әділқазыларды жылатты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ал Ютубта пайда болып, 6 миллионнан астам қаралымды жинаған бұл видеоның астындағы пікірлер жазу тетігі алынып тасталған. Өйткені қиын күндерді басынан өткеріп, неврологиялық дертке шалдыққан Андрей Губин ол арадағы сөздерді көтере алмауы әбден мүмкін екен.

Губин қазір қайда?

Миллиондаған бойжеткеннің жүрегін жаулаған Андрей Губин бүгіндері жалғыздықта Уфада өмір сүріп жатыр. Үйленбеген. Кезінде Юлия Беретта деген әншімен жүреді деген сыбыс шыққан. Бірақ әртіс бұл пиар үшін жасалғанын айтқан. Ешқайда жұмыс істемейді. Кезінде өкіртіп тапқан ақшасы әлі өміріне жетіп жатыр екен. Ол ақша алдағы 10 жылына да жететін көрінеді.

Өзі қатты ауырып жүргенін, сахнадан көрінбеуіне сол себеп екенін айтады.

Губиннің айтуынша, ол денсаулығын оңалту үшін 40 мың долларын шашқан. Бірақ соның бірінен де нәтиже жоқ көрінеді. Ал БАҚ-тағы кейбір деректерге сүйенсек, Губин жынданып қалған.

Губиннің жынданып кеткені рас па?

Бұл сыбыстың шығуына ресейлік телебағдарламада Малаховқа Губиннің бас салуы себеп болған. Ол кез келген сөзді көтере алмайтын деңгейге жеткен. Дерті туралы Губиннің өзі былай дейді:

"15 жыл болды, бетім жыбырлап, басым дыңылдайды. Осыдан құтыла алмай қойдым. Қанша дәрігерге бардым. Ал олар бұл емделмейді деп айтқан. Бірақ мен оңайшылықпен жеңілетін адам емеспін. Велосипед тебем, тауға шығам, әйтеуір тірлік жасап жүрмін. Егер осы дерттен айықсам, әрине шоу-бизнеске оралар едім".

"Ласковый май" тобының негізін қалаушы, Губиннің досы Андрей Разин оны дәрігерге апарғанын, бірақ ешқандай дерт одан анықталмағанын айтады.

- Оған беті жыбырлап, беті ауыратын секілді көрініп тұрады. Бұл психикамен байланысты. Әйтпесе дәрігерге апардық, олар ешнәрсе тапқан жоқ. Әрине, онымен сөйлесу қиын. Қырсығып, қынырланып алады. Тіпті, адамға бас салуы да мүмкін. Бірақ ол үшін оны кінәлауға болмайды. Бұл – трагедия. Ол есірткі қолданған емес, пластика жасатқан жоқ. Бұл - мидағы ауытқу. Өмірге құштар, сұлу жанның бірі еді, қазір бұйығып, жалғыздықта өмір сүруді жақсы көреді, - дейді ол.

Губиннің бұрынғы қызы не дейді?

Атын атамауды жөн көрген сұлу ресейлік басылымның біріне берген сұқбатында Губиннің айықпас дертке шалдықты деген өтірік екенін айтады.

- Ол ішімдікті жақсы көретін. Оның үстіне мінезі қыңыр, бірбеткей болатын. Оның жүрген қыздарының бәрі модель еді. Өзі солай ең сұлуын таңдап алатын. Онда да солардың өзінен мін табатын. Ананың аяғы қисық, ананың төсі кіші деген секілді. Өмірі көңілі толмайтын. Қазіргі күйі сол ішімдіктің салдары деп білемін. Ол қайыршы да емес. Оның шотына гонорарлар келіп түсіп жатады. Оның үстіне кезінде студия ретінде пайдаланған үйін жалға беріп қойған. Сондықтан оған жұмыс істеп те керек емес, - дейді ол.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: