Елбасы құттықтауын "Egemen Qazaqstan" газетінің жүзжылдық мерейтойына орай өтіп жатқан салтанатты шарада ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев оқып берді, деп хабарлады "Хабар 24".
"Еліміздің жетекші басылымы, қазақ баспасөзінің қара шаңырағы "Egemen Qazaqstan" газетінің 100 жылдық мерейтойы құтты болсын! Бір ғасыр бұрын "Ұшқын" деген атпен шыға бастап, уақыт өте ұлттық басылымға айналған Тәуелсіз Қазақстанның аға газеті өз парақтарында тарих тағылымын дәуір үнімен, уақыт сынымен бейнелеп, кешегі мен бүгіннің арасын жалғап келеді. Жаңалықты жұртшылыққа жедел әрі шынайы түрде жеткізіп, егемен еліміздің мемлекеттік саясатын қалың оқырман арасында байыпты насихаттап, ел шежіресін қағазға хаттаған байырғы басылымның беделі әрдайым биік", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Құттықтау хатта "Egemen Qazaqstan" газеті жүзжылдықты қазіргі заман талабына сай жаңғырып, жаңа жетістіктермен қарсы алып отырғаны жазылған.
"Жетекші баспасөз құралында еңбек етіп жүрген қалам иелері жоғары кәсіби деңгейімен табылып, басылым алдағы уақытта да халқымыздың мұрат-мақсаты мен қоғам дамуына лайықты үлесін қоса береді деп сенемін", - делінген Елбасының құттықтау хатында.