Барыс жылы әне-міне дегенше есік қағып, ортамызға келгелі тұр. Жаңа жылды қуанышпен қарсы аламыз. Алайда өткен жылда арамыздан кеткен танымал тұлғалар ұмытылмайды, деп хабарлайды Zakon.kz.
"Еуразия" бірінші арнасының тілшісі өтіп бара жатқан жылда келместің кемесіне мініп кете барған тұлғалар жайлы сюжет дайындады.
Өтіп бара жатқан жылда қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің біразынан көз жазып қалдық. Қабдеш Жұмаділов 85 жасқа қараған шағында бақиға аттанды. Қаламы қарымды, шебер суреткердің туындылары қазақ әдебиетінің алтын қорынан орын тапты. Шығармашылығында сонау қилы кезеңнің шындығын бұлтартпай суреттегеннен бе, жұртшылықтың жүрегіне бірден жол табатын.
Қазақ мәдениетінің майталманы Ескендір ағамыздың қазасы да күллі өнерсүйер қауымның қабырғасын қайыстырды. Әлемді жайлаған кесел композитор мен жары Дарико апамызды да айналып өтпеді. Аурудан айығып, ортаға оралуын күллі халық тіледі. «Әттең-ай» демеске шара жоқ, Ескендір ағамыз келместің кемесіне мініп кете барды.
Сурет: Instagram.com/birjan_khassangaliev
Қазақ кино өнерінің қара нары, көпшілікке «Тайлақ» рөлімен танылған Әлімғазы Райымбеков ағамыздың да өтіп бара жатқан жылда ақтық демі таусылды. Бір ғана «Тақиялы періште» емес, Қазақфильмнің талай көркем туындыларында санқилы образды сомдады. Замандастары марқұмды қалжыңға жақын болатын деп еске алады.
Сурет: Фильмнен алынған кадр
Театр мен кино өнерінің қайраткері Ғазиза Әбдінәбиева да індеттің ілмегіне ілінді. Актрисаның саналы ғұмырында сіңірген еңбегі өлшеусіз. Экрандағы образдарының шынайылығы сонша, сүйкімі мен кәсіби шеберлігі көрерменді бірден баурап алатын. Жанашырлығы мен жүрек тазалығы бөлек әңгіме.
Сурет: Instagram.com/alma.discoo
Қазақ журналистикасы да өтіп бара жатқан жылда қара жамылды. Халқының «бай, қуатты болуын» тілеп өткен Нұртілеу Иманғалиұлы 70 жасқа қараған шағында бақилық болды. Нұртілеу аға да өзі мұрындық болған бастамаларында ұлтының жоғын жоқтап, қаймана қазағының мүддесін әуелгі орынға қойып келді.
Сурет: Facebook/Нұртілеу Иманғалиұлы
Журналист Аманкелді Сейтханның да қазасы ауыр тиді. Белгілі спорт комментаторы екі аптадай ауруханада жатып, коронавирустан қайтыс болды.
Сурет: Facebook.com/aman.seytkanov
Бұрынғы Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлінің қазасы туралы суыт хабар да көпті күйзелтті. Қазақтың руханияты мен ғылымына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Қажының Ислам тарихы мен мәдениеті тақырыбындағы сүбелі туындылары бір төбе.
2021 жылы өмірден озған нар тұлғалар тізімінде Мемлекеттік Елтаңба авторы Шот-Аман Уалиханов, қоғам қайраткері, ақын Есенғали Раушанов, Шөмішбай Сариев, академик Серік Қирабаев пен қазақ киносының мэтрі Сатыбалды Нарымбетов, Фархад Әбдіраимов та бар.