Қазақстандық трио Берлинде тыңдарманды тәнті етті

«FORTE TRIO» мемлекеттік триосы Еуропа мәдениетінің орталығы – Берлин филармониясында өнер көрсетіп, шетелдік көрермендерді таңғалдырды, деп хабарлайды Zakon.kz

Қазақконцерттің баспасөз қызметі атап өткендей, Бетховеннің скрипка, виолончель және оркестрмен фортепианоға арналған атақты концертін отандық әртістер Берлин симфониялық оркестрімен бірге орындады.

Әлемнің үздік өнер жұлдыздары үшін Еуропаның жауһары атанған Берлин симфониялық оркестрімен бір сахнада өнер көрсету – үлкен мәртебе.Қазақконцерттің баспасөз қызметі

2200 көрерменге арналған үлкен зал лық толған, концерт билеттері екі-ақ күнде сатылып кеткен. Берлин филармониясының өкілдері мәлімдегендей, бұл пандемия басталғалы бері алғашқы толық аншлаг жиналған концерт болды. Концертте көрерменнің атақты оркестрге деген ыстық ықыласы, Бетховен музыкасының танымалдығы мен қазақстандық музыканттардың өнеріне деген зор қызығушылық керемет үйлесім тапты.

Әлемдік қауымдастық елімізді қаңтардағы оқиғалардың салдарынан саяси катаклизмдер аренасы ретінде қабылдағаны белгілі. Бірақ «FORTE TRIO» өз өнерлері арқылы Қазақстанды мәдениеті жоғары деңгейде дамыған, өзіндік музыкалық дәстүрлері қалыптасқан мемлекет ретінде көрсете білді. Трионың өнерін жоғары бағалаған шетелдіктер біздің әртістерді концерттен кейін сахнаға тағы 5 рет шақырды.Қазақконцерт директорының орынбасары Лаура Ахметова.

Сурет: Қазақконцерттің баспасөз қызметі

Өткен жылдың желтоқсан айында «FORTE TRIO» Францияның 4 ірі қаласында концерт өткізіп, осы елдің 2021 жылғы концерттік маусымын аяқтағаны мәлім. Енді отандық музыканттар Германия елінің өнер сүйер қауымын тамсандырып, ковидтік шектеулерден шаршаған тыңдармандарға ұмытылмас жарқын эмоцияларды сыйлады.

Қазақконцерт құрамында өнер көрсететін «FORTE TRIO» ансамблі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчеевтің көркемдік жетекшілігімен өнер көрсетеді.

Қазақстандықтар «FORTE TRIO» ұжымының өнерін 2 наурыз күні «Астана опера» театрында «Любите ли вы Брамса?» атты жаңа концертте тамашалай алады.

Германия Қызықты
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: