Алматыда Д.Қонаевтың мұражайы реставрациядан кейін қайта ашылды. Реставрация және экспозиция процесіне мұражай және мұрағат ісі саласындағы жетекші мамандар, дизайнерлер, мүсіншілер, суретшілер, бейнеинженерлер және тағы басқа мамандар үлес қосты. Жұмыс барысында Д.А. Қонаевтың Халықаралық қорымен келісілген тұжырымдама мен жобаның эскизі әзірленді.
Реэкспозиция тақырыбының негізіне саясаткердің ел өміріндегі маңызды тарихи оқиғаларға деген жеке көзқарасын суреттейтін Д.Қонаевтың «Сталиннен Горбачевке дейін» автобиографиялық кітабы арқау болды.
Сурет: Алматы әкімдігі
Хронологиялық тәртіпте орналастырылған мұрағаттық құжаттар, фотосуреттер мен экспонаттар Дінмұхаммед Қонаевтың көрнекті қоғамдық-саяси қайраткер ретіндегі алып тұлғасын көрсетеді. Жұмыс барысында барлық экспонат, соның ішінде Дінмұхамед Қонаевтың жеке заттары бұрынғы қалпында сақталды.
Қалпына келтіру жұмыстары барысында мұражай заманауи сандық және мультимедиялық технологиялармен жабдықталды. Мұнда келушілер енді аудио нұсқаулықтарды қолдана алады. Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға ыңғайлы болу үшін екінші қабатқа лифт орнатылды.
Сурет: Алматы әкімдігі
Мұражайдың жөндеуден соң ашылу салтанатына Д.А.Қонаевтың Халықаралық қоғамдық қорының төрағасы Эльдар Қонаев, Д.А.Қонаевтың жиені Диар Қонаев, оның жеке дәрігері Ахат Мулюков, досы әрі серіктесі Александр Гойколов, қала әкімі Ерболат Досаев та қатысты.
Айта кетейік, мұражай 2002 жылы Д.Қонаевтың 90 жылдығына орай ашылған. Экспозициялар 10 жыл бұрын жаңартылған еді. Мұражайдың жалпы сақтау қорында 8 196 экспонат бар.