Фестивальдің «Басқа көзқарастар» бөлімінде 10 елден небәрі 8 фильм ұсынылған еді. Бұл бөлімде әлемдік кинематографияның жаңалықтары мен басқа фестивальдерде танымал болған фильмдер көрсетілді.
«Ақын» фильмінің Қазақстаннан сонау алыстағы Бразилияда, планетамыздың арғы бетінде көрсетіліп, қабылданып жатқанына өте қуаныштымын. Бұл жеңіс фильм түсіргенде өзіңе шыншыл болсаң, соған бар күшіңді жұмсасаң, туындыны бәрі түсінетінін тағы бір дәлелдейді. Бүкіл кино тобын осы бағалы жүлдені иеленуімен құттықтаймын. Жаңа жеңістерді күтеміз, – деді Дәрежан Өмірбаев.
Сонымен қатар «Ақын» фильмі Париждегі Жорж Помпиду атындағы заманауи өнер музейінде көрсетіледі. Онда Берлин кинофестивалінің үздік фильмдері көрсетілетініні туралы фильмнің продюсері Юлия Ким хабарлады.
La Berlinale à Paris бағдарламасын Берлиналенің көркемдік жетекшісі Карло Чатриан және Помпиду мұражайының дирекциясы құрастырған. Шоулар 10-26 маусым аралығында өтеді.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен түсірілген қазақ фильмі 18 маусым күні жергілікті уақыт бойынша сағат 17:00-де көрсетіледі.
Айта кетейік, «Ақын» фильмі Berlinale Forum халықаралық кинофестивалінде жүлде алған еді. Бұл фильм Қазақстанда 14 сәуірден бастап прокатқа шықты. Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген «Ақын» фильмі технологиялар дамыған қазіргі заманда өнердің қоғамда алатын орны туралы ой қозғап, поэзияға сұраныс азайған дәуірде ақынның күйініші туралы сыр шертеді.