Павлодарда белгілі ақын, журналист Арман Қани дүниеден озды

Павлодарда белгілі ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Павлодар қаласы және Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Арман Қани 68 жасында дүниеден өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қаралы хабармен өңір басшысы Әбілқайыр Сқақов Facebook-тегі парақшасында бөлісіп, ақынның қазасына байланысты облыс әкімдігі атынан марқұмның отбасына көңіл айтты. 

Қазақтың қайраткер ұлы еді... Ұзаққа созылған ауыр науқастан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Бақтанұлы Қани өмірден өтті. Арман ағамыз өз ісіне адал, елінің нағыз патриоты болды. Ағамыздың шығармашылық еңбектері болашақ ұрпаққа өнеге ретінде қалатыны сөзсіз. Облыс әкімдігі атынан марқұмның отбасына барып, жан жары Бақыт апамызға көңіл айтып, қазаның ауыр жүгін бөлісуге тырыстық. Осындай азаматтың қазасын күйзеліспен қабылдадым. Марқұмның топырағы торқа, жаны жәннатта болсын. Артында қалған ұрпағы аман болсын! Қайраткерге көзі тірісінде қолдау көрсетуді өзімізге абыройлы міндет санасақ, осындай қиын сәтте де жанұясының қасынан табылуға дайынбыз. Алайда, қазаға қылар қайран жоқ. Бақұл болыңыз! Рухыңыз шат болсын! Сіздің жарқын бейнеңіз бен қайталанбас тұлғаңыз ешқашан ұмытылмайды, – деп жазды Әбілқайыр Сқақов.

Арман Қани 1954 жылғы 22 ақпанда Павлодар қаласында туған. Жаяу Мұсаның туған жиеншары, Мәдидің аталас ағайынының ұрпағы, Арқаның екі бірдей күрескер ақын-композиторын өмірде де, өнер ниетте де өзіне үлгі тұтып өскен. Қазақстан шығармашыл жастары «Жігер» фестивалі дипломының иегері (Алматы, 1983 ж.), Павлодар қаласы шығармашыл зиялылары «Қауышу» слётінің «Жылдың үздік ақыны» атағы иегері (2001 ж.), «Бір өлең - бір әлем» республикалық мүшәйрасының І орын жүлдегері (Алматы, 2008 ж.), Павлодар облысы мен облыстық радионың 70 жылдығына арналған «Туған жер - алтын діңгек» республикалық мүшәйрасы бас жүлдесінің жеңімпазы (Павлодар, 2008 ж.). Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «Павлодар облысына сіңірген еңбегі үшін», «Тіл жанашыры» Құрмет белгілерінің иегері. «ҚР Тәуелсіздігіне - 20 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне - 25 жыл», «Павлодар облысына - 75 жыл», «Невада-Семей» қозғалысына – 25 жыл», «Желтоқсан оқиғасына 30 жыл», «Қазақ хандығына – 550 жыл» мерекелік медальдарымен наградталған. Ресей Лермонтов комитетінің «Қайсын Құлиев» медалінің иегері (2019 ж.), делінген Pavlodarnews.kz сайтында. 

Павлодар
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: