Малайзиядағы қазақ диаспорасы Республика күнін атап өтті

Малайзиядағы отандастарымыз еліміздің басты ұлттық мерекесі – Республика күнін тойлауды бастап кетті. Куала-Лумпурдегі Қазақстан елшілігінің мұрындық болуымен ұйымдастырылған мерекелік жиынға 600-ден астам адам қатысты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Салтанатты кешті Қазақстаннан арнайы шақырылған "Қорқыт" ансамблі Адай, Шашу, Құлагер, Балбырауын күйлерімен ашты. Бұдан бөлек, Димаш Құдайбергеннің Малайзиядағы жанкүйерлері қолдау көрсетіп, сүйікті әншісінің "Golden" әнін жанды дауыспен орындап берді. Солардың бірі малайзиялық Мазлифа ханым ұлы Абайдың шығармашылығына қызығушылық танытып, "Әсемпаз болма әрнеге" жырын өзінің туған тілі бахаса-малай тіліне аударған. Оның айтуынша, қазақ ғұламасының философиясымен Димаш Құдайбергеннің шығармашылығы арқылы танысқан, деп хабарлайды "Хабар 24".

"Абайдың шығармаларын оқи келе, ол ғұлама, халқының қамын жеген, білімнің маңызын түсінген, данышпан адам болғанын білдім. Абайдың "Қара сөздері" түсінген жанға, әсіресе жастарға берері көп. Өз басым көп нәрсе үйрендім". Жергілікті тұрғын Мазлифа Разак

Айта кетейік, Қазақ елі мен Малайзияның өзара қарым-қатынасы сауда-экономика саласында да жарасқан. Осы қазан айының басында Малайзияның Пенанг штатында еліміздің Құрметті консулдығы ашылған болатын. Қазақстанның Құрметті консулы Луис Нг мырзаның айтуынша, екі ел арасында орнаған өзара байланыстарды одан әрі қарай нығайту және дамыту басты жоспарда.


"Қазақстан – аумағы бойынша әлемдегі тоғызыншы үлкен мемлекет. Ежелгі тарихы бар ел. Біздің еліміздің Қазақстаннан үйренері көп деп ойлаймын. Мысалы, менеджмент, цифрлық инновациялар бойынша болсын. Сондай-ақ Малайзияның да Қазақстанға берері жоқ емес. Бүгінгі мерекелік шараға келіп, қатысып отырғаныма қуаныштымын. Қазақ елін Республика күнімен құттықтаймын!". Луис Нг, Қазақстанның Пенанг штатындағы Құрметті консулы

Қазақ-малай халықтарының мәдени ынтымақтастығы мерекелік көрме-жәрмеңкеде де үндестік тапты. Қазақстанның Республика күні мерекесін атауға келген қонақтар ұлттық нақыштағы әшекейлер мен бұйымдарды тамашалап, қазақтың ою-өрнегін бедерледі.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: