Айгүл Иманбаеваның айтуынша, продюсер оған отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесін көтеретін фильмдегі басты рөлді өзі ұсынған. Баян Алагөзова актрисаның шеберлігіне сенетінін айтқан. Алайда сценариймен танысқан Иманбаева қатты эмоционалдық күйзеліске түскен.
"Сценарийді оқығанда, бұлшықет жадым іске қосылып, барлық "жараларым" қайта оянған сияқты болды. Қол-аяғым дірілдеп, өкіріп жыладым. Бірден Баянға қоңырау шалып, бұл рөлді ойнай алмайтынымды, қорқатынымды айттым. Балалық шағымдағы барлық жарақаттар қайта оянды, өмірім төңкеріліп кеткендей болды. Ренжімеуін өтіндім", – деп еске алды Айгүл Иманбаева.
Продюсер құрбысының жағдайын түсіністікпен қабылдап, фильмнің режиссері Асқар Ұзабаевтың телефон нөмірін берген. Ол актрисаны райынан қайтаруға тырысқан.
"Асқар қоңырау шалып, мені көндіруге тырысты. Фильм халықаралық кинофестивальдерге қатысатынын айтып: "Сен өзіңді ашуың керек, осы фильмде ойнауың керек", – деді. Бірақ мен оған соңғы алты жыл бойы психологпен тұрақты түрде жұмыс істеп жүргенімді және өткенді қайта еске түсіргім келмейтінін айттым. Өйткені одан арылуға тырысып жүрмін. Сценарийді оқығанда, өз өмірімді қайтадан бастан өткергендей болдым. Асқар бәрін түсініп, мені жұбатуға кірісті", – деп мойындады әнші.
Актриса отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі қоғам үшін әлі де өте өзекті екенін атап өтті. Оның айтуынша, үйінде зорлық-зомбылық пен психологиялық қысымға тап болған әйелдер оған үнемі хабарласады.
Иманбаеваның пікірінше, үнемі жанжал болатын ортада өскен балалар мұндай қарым-қатынас үлгісін бойына сіңіріп, кейін оны ересек өміріне алып келеді. Өнер иесі мас адамдардан және қатты дауысты әңгімелерден әлі күнге дейін қорқатынын айтып, ата-аналарды бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауға шақырды.
"Кішкентай бала тәрбиелеп отырсаңыз, жауапкершілікті сезініп, оның тәрбиесіне ерекше көңіл бөлуіңіз керек. Барлық жарақаттың түп-төркіні балалық шақта жатыр. Зорлық-зомбылыққа шыдап жүрген көптеген қыз бала дәл осындай жағдайды өз үйінде көрген. Емделмеген балалық жарақаттар кейін өз отбасындағы мәселелерге әкеледі", – деп түйіндеді актриса.
Бұған дейін Айгүл Иманбаева екі жылдан кейін алғашқы махаббат кезеңіне қайта оралып, оның тарихын айтып берген болатын.