Бұл туралы 2026 жылғы 15 қазанда өңірлік Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
"Күдіктіге қатысты сот қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады".
Полицияның түсіндіруінше, Navai-ге қатысты тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша жүргізіліп жатыр.
"13 қазанда Қазақстанға кіреберістегі "Қордай" шекаралық өткізу пунктінде полиция қызметкерлері ҰҚК Шекара қызметімен бірлесіп, Navai сахналық атымен танымал шетел азаматын ұстады. Ол мінген автокөлікті тексеру кезінде есірткі заты анықталып, тәркіленді. Осы дерек бойынша есірткі контрабандасына және есірткі заттарын заңсыз сақтауға қатысты қылмыстық заңнаманың екі бабы бойынша тергеу жүргізіліп жатыр", – делінген Жамбыл облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Бірқатар Telegram-арна Navai-ді екі ай мерзімге қамауда ұстауға Қордай аудандық соты санкция бергенін хабарлады. Осы ақпаратты нақтылау үшін редакция сотқа жүгінді.
"ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына ("Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етуге жол бермеу") сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмейді. Осыған байланысты сот санкция беру мәселесін қарауға қатысты түсініктемелер мен мәліметтерді ұсына алмайды, өйткені олар сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдарына жатады", – деп бейсенбі күні Жамбыл облыстық сотының баспасөз қызметі Zakon.kz тілшісіне хабарлады.
Рэпер Navai-дің Қазақстанға кіреберісте ұсталғаны туралы 2026 жылғы 14 қазанда белгілі болды. Бұл жөнінде Жамбыл облысының полициясы хабарлаған.
Ал Қырғызстанда Navai-дің есірткімен шекарадан қалай өткені анықталып жатыр. Рэпер 12 қазанда Бішкекте концерт берген. Ал 14 қазанда Астанада концерт өткізуі жоспарланған болатын.