Роза Бағланованың 100 жылдығына орай Алматы музейінде көрме ашылды

Биыл Халық артисі, Халық қаһарманы, опера және эстрада әншісі Роза Бағланованың туғанына 100 жыл толып отыр. Мерейтойға орай Алматы музейінде "Қазақ деген халықтың еркесімін!" көрмесі ұйымдастырылды. Zakon.kz тілшісі көрмені тамашалап, әншінің жақындарымен тілдесіп қайтты.

Алматы музейіне кіреберісте аңыз әнші Роза Бағланованың орындауындағы "Ақ маңдайлым" әні шырқалып тұр. Осыдан-ақ келушілер музейде кімнің көрмесі ұйымдастырылып жатқанын аңдай алады. Ал музейдің екі бөлмесіне Халық артисінің жеке заттары, сахналық костюмдері, әшекей бұйымдары, тұрмыстық заттары, марапаттары, медальдары мен фото-суреттері қойылған.

Сурет: Zakon.kz

Сурет: Zakon.kz

Жеке әшекейлері жылтырап, көздің жауын алады. Ұқыпты сақталғаны бірден байқалып тұр. Артистің жеке заттары мен ата-анасынан қалған бұйымдарды бүгінде әншінің ұлы Тәжен Бағланов пен келіні Марал Бағланова көзінің қарашығындай сақтап отыр. Осы көрмеге арнап әншінің келіні мен музей қызметкерлері барлығы 300-ге жуық жәдігерді таңдап алыпты.

Сурет: Zakon.kz

Мына заттың бәрі біздің үйде тұрған. Музей қызметкерлері қасыма екі көмекші берген соң бүкіл бұйымды оларға көрсеттім. Қызметкерлер жәдігерлерді өздері таңдап алды. Олар заттардың барлығын көрсетуге, көрмеге әдемілеп орналастыруға тырысты, - деді Халық артисінің келіні Марал Бағланова.

Сурет: Zakon.kz

Сонымен қатар Марал Бағланова көрмеге қойылған заттар бүкіл қазақ жұртына тарихтың бөлшегі ретінде қорек болады деп ойлайтынын айтты.

Сурет: Zakon.kz

Апамыздың 100 жылдығы отбасымыз үшін ерекше өтіп жатыр. Біраз қобалжып әрі қуанып жүрміз. Музейден көрме ашайық деп атсалысқан ұйымдастырушыларға алғысымызды білдіреміз. Апамыздан, аңыз адамнан қалған бұйымдар бәрімізге қорек болады деп ойлаймын.Марал Бағланова

Сурет: Zakon.kz

"Қазақ деген халықтың еркесімін!" көрмесі 1 қарашаға дейін жалғасады. Алматы музейлер бірлестігінің Бас қор сақтаушысы Раузия Тұрсынбекованың айтуынша, көрменің ерекшелігі - Халық артисінің көрмесі алғаш рет үлкен көлемде ұйымдастырылуы. Музей қызметкерлері дәл осы мәдени ордада көрме ашылғанын үлкен құрмет деп санайды.

Сурет: Zakon.kz

Бұлбұл әншінің 100 жылдық мерейтойы Қазақстан бойынша әрі бүкіл ЮНЕСКО көлемінде тойланған еді. Дегенмен ел бойынша ең ірі көрме Алматы музейінде ұйымдастырылып отыр. Халық артисінің жеке заттарын ұлы Тәжен мен келіні Маралдан алып, бірлесіп көрме ұйымдастырып отырмыз. Көрме аяқталған соң белгілі бір заттар осы музейде қалады да, қалған бұйымдар үйіне қайта тапсырылады. Себебі болашақта Роза Бағланованың музей-үйін ұйымдастыру жоспарда бар.Алматы музейлер бірлестігінің Бас қор сақтаушысы Раузия Тұрсынбекова

Сурет: Zakon.kz

Сонымен қатар, көрменің ашылуына әншінің замандасы, продюсері Қуаныш Әбдухалимов және ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Есетқызы, оған қоса Әскери тарих музейінің басшысы Алуа Байқадамова, ақын Әділғазы Қайырбеков те қатысты. Олар Халық артисімен байланысты естеліктерін бөлісті.

Сурет: Zakon.kz

Көрмеге келген адам музейге жалпы билет сатып алып, бүкіл залды әрі Роза Бағланованың көрмесін де бірге көре алады. Билет құны ересектер үшін 500 теңге, студенттер мен зейнеткерлерге 300 теңге, оқушыларға 200 теңге.

Аты аңызға айналған әнші 1922 жылы 1 қаңтар күні Қазалы өңірінде дүниеге келген. Әншінің азан шақырылып қойған есімі – Үрбибі. Бірақ ол әлемге Роза есімімен танылды. Қазақтың ән өнеріндегі бірінші Роза да өзі еді. Одан кейін дүниеге келген талай қазақ қыздарына Роза Бағлановадай болсын деген ниетпен осы ерекше есімді берген.

Роза Бағланова қазақтың ән өнерін дамытуға айрықша ауқымды үлес қосты. Оның репертуарында қазақтың халық әндері, қазіргі композиторлардың шығармалары, әлем халықтарының әндері бар. Халық артисі 2011 жылы дүниеден өтті.

Қызықты Қазақстан Алматы
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: