Ақтөбеде екі апта ішінде қатерлі ісікпен аурыған 33 және 50 жастағы екі әйел өз-өздеріне қол жұмсаған деп жазады Sn.kz.
Алғашқы оқиға 26 мамырда болған. 33 жастағы келіншек өзінің қатерлі ісікпен ауыратынын білген соң өз-өзіне қол салған. Ол Ресейде ем алған екен. Алайда, ауруы жанына қатты батса керек, келіншек 7-ші қабаттағы өз пәтерінің терезесінен секіріп көз жұмды. Өліміне ешкімді кінәламауларын өтініп, артынан хат та қалдырған.
Ал екінші суицид 7 маусым күні болыпты. 50 жастағы әйел Ақтөбеде аурухананың 5-қабатынан секіріп қайтыс болды. Ол да өлер алдында хат жазып кеткен. Сол емхананың бас дәрігерінің айтуынша, емделушінің өліміне ауруының еш қатысы жоқ.
«Ол кісіге ота жасалған болатын. Химиятерапиядан өтіп жүрген. Суицидке баратындай оның жүйкесінде ешқандай ақауы жоқ еді. Әйелдің өлер алдында жазып кеткен хатында жеке мәселелері мен қарыздары жазылыпты. Соған қарағанда ол өз-өзіне қатерлі ісік дертімен ауыратындықтан қол жұмсамаған», – дейді М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің бас дәрігері Батыр Оразалин.
Қазіргі кезде екі оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.