Қазіргі таңда полиция ұрыларды іздестіріп жатыр, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Ұрылар түнде Ақмола облысындағы екі ауылдан 30 жылқыны айдап әкеткен. Оқиға 5-6 тамызда болған.
Жылқысын ұрлатқан азаматтың бірі – Бек Ілескенов. Ол – Целиноград ауданы Миновка ауылының тұрғыны. Оның айтуынша, ауылда жылқы ұрлау фактісі жиі қайталанады екен.
«5 тамыз күні түнде 17 бас жылқымнан айырылып қалдым. Жайылым ауылдан 7-8 шақырым жерде. Ол жақтан ауыл көрініп тұрады. Ұрылар түнде жылқыларды айдап әкеткен. Арызды жазып, полицияға өткіздік. Олар да іздеп жатыр. Жылқыларымды іздегеніме 6 күн болды. Жыл сайын ауылдан жылқы ұрланады. Мұндай жағдай бірінші рет болып тұрған жоқ», - деді жылқышы.
Сонымен қатар ұрылар Аршалы ауданына қарасты Ақшар ауылынан да 13 жылқыны ұрлаған.
«6 тамыз күні 13 бас жылқымды ұрлатып алдым. Оның арасында сауып жүрген бием де бар. Олар ауылдың маңайындағы жайылымда жүрген. Жылқылардың мойнында GPS датчигі болған. Ұрылар датчикті алып тастап, жылқыларды 5 шақырым жерде тұрған көрші ауылға қарай айдаған. Қазіргі таңда жылқыларды таба алмай отырмыз. Мен учаскелік полицияға арызды өткіздім. Олар малдарды іздеп жатыр», - деді жоғалған жылқылардың иесі Нұрбек Батырбеков.
Оның айтуынша, өткен жылы ұрылар Сарыоба ауылынан 70-80 бас жылқыны айдап кеткен. Кейін тәртіп сақшылары оларды ұстап, жауапқа тартыпты.
Сондай-ақ ұрыларды іздеп жатқан полиция қызметкерінен де жауап алуға тырыстық.
«Миновка және Ақшар ауылдарынан жылқылар жоғалды. Қазіргі таңда ұрыларды іздеп жатырмыз. Болған оқиғаны тіркедік. Зардап шеккен азаматтармен және Целиноград ауданының полиция қызметкерлерімен бірге ұрлық болған жерге бардық», - деді Аршалы ауданы Бұлақсай ауылы учаскелік полициясы Еркін Исенов.
Оның пікірінше, болған жағдайға азаматтардың өздері кінәлі екен.
«Малшылар жылқыларды жайылымға жібере салады. Малға дұрыс қарамайды. Жылқыларын таңертең іздей бастайды. Егер олар кешке жылқыларды ауылға қарай қайырып отырса ғой. Жоқ, олар бұлай істемейді. Тәулік бойы мал қараусыз жайылады. Бұл – ең басты себеп», - деді полиция қызметкері.
Сонымен қатар Еркін Исеновтен ауылда жылқы ұрлау фактісі неге жиілеп кеткенін біліп көрдік. Бірақ бұл сұраққа тәртіп сақшысы мардымды жауап бере алмады.
«Егер қандай да бір сұрақтар болса, Аршалы ауданының Ішкі істер басқармасына хабарласаңыз. Тиісті ақпаратты сол жерден аласыз», - деді Бұлақсай ауылының учаскелік полициясы.