Астанада Олжас Сүлейменовтің немересі, 27 жастағы Ескендір Сүлейменов қаза тапқан жол апатына қатысты сот отырысы жалғасуда, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қызылорда облысы ішкі істер департаменті бастығының қызы Малика Мұхитова 22 маусым күні Астанада мотоциклмен келе жатқан 27 жастағы Ескендір Сүлейменовті көлігімен қағып кеткен еді. Олжас Сүлейменовтің немересі оқиға орнында жан тапсырды.
Жол апатына қатысты алғашқы сот отырысы Астана қаласы Есіл ауданының екінші қалалық сотында 12 қазанда басталды. Алғашқы отырысқа жәбірленуші тарап та тек адвокат қана қатысқан болатын. Бұл жолы сот отырысына марқұм Ескендір Сүлейменовтің әкесі де келді.
Жауап алу барысында айыпталушы Малика Мұхитова жәбірленуші тараптан жылап кешірім сұрады.
"Сіздерден кешірім сұраймын. Бұған дейін мүмкіндік болған жоқ. Күн сайын Алладан мені кешірулеріңізді сұраймын. Мен бұлай болғанын қалаған жоқпын. Сіздерге қаншалықты ауыр екенін білемін, бәріміз үшін ауыр. Мені кешіріңіздер, өтінемін. Шын айтамын. Барлықтарыңыздан кешірім сұраймын", — деп жылап кешірім сұрады ол.
Маликаның айтуынша, ол жол апаты болған күні жұмыстан шығып, үйіне бара жатқан. Сол күні оларды жұмыстан ерте босатыпты.
"Жолшыбай Мәңгілік ел мен Керей мен Жәнібек хандар көшесінің қиылысындағы азық-түлік дүкеніне кірдім. Шыққаннан кейін көлікке отырып, Керей мен Жәнібек хандар көшесіне бұрылу үшін сол жаққа қарай ыңғайлана бастадым. Жан-жағыма қарадым, ештеңе көрінген жоқ. Солға бұрыла бастаған кезде, оң жағымнан бір нәрсе зу етіп, менің көлігіме соғылды. Мен шошып кеттім, дәл сол сәтте не болғанын түсінбей де қалдым. Көліктен шықтым, қарасам, асфальтта бір жігіт жатыр. Барлығы жүгіріп келді, сол күні өте көп адам болды…Жедел жәрдем шақырмақшы болдым, бірақ қасымда тұрған жігіт шақырып қойыпты", — деді Малика.
Жол апатынан кейін бірден әкесіне хабарласқан. Айтуынша, көлікті 2012 жылдан бастап жүргізеді.
"Оқиға орнында соңына дейін болдым. Кейін мені ішімдік ішкен-ішпегенімді тексеру үшін алып кетті. Одан соң жауап алу үшін бөлімшеге алып кетті", — деді ол.