Шекарашылар Қазақстан шекарасын жалған құжаттармен кесіп өтпек болған 4 шетелдік азаматты ұстады, деп хабарлайды Zakon.kz ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Нұр-Сұлтан қаласы мен Түркістан облысында екі шетелдік азамат құжаттарына қолдан жасалған мөр басқан.
"Астана" шекаралық бақылау отрядының шекара наряды "Нұр-Сұлтан-Санкт-Петербург" бағытымен ұшқалы тұрған КС-139 әуе рейсінен 1987 жылы туған Өзбекстан азаматшасын ұстады. Оған азаматтың құжатындағы қолдан жасалған мөрдің ізі себеп болыпты. Тағы бір деректе 34 жастағы тағы бір Өзбекстан азаматы Сарыағаш шекара отрядының "Жібек жолы-авто" бөлімшесінде ұсталды. Ол өз еліне қарай құжатына Алматы облысының миграциялық полициясының қолдан жасалған мөрін басып алып өтпек болған", - деді ведомство өкілдері.
Мерке мен Бішкек арасында туысының құжатымен жүрген егде жастағы әйел адам анықталған.
"Мерке-теміржол" тексеру бөлімшесінде өткен түнде "Бішкек-Мерке" бағытындағы № 6063 пойыздан Қырғыз Республикасының азаматшасы ұсталды. Жасы егде тартқан әйел (70 ке тақаған) тексеруге өзімен замандас жеңгесінің төлқұжатын ұсыныпты. Айтуы бойынша, өз төлқұжатын екі жыл бұрын жоғалтып алған екен. Нәтижесінде ол пойыздан түсіріліп, өз еліне қайтарылды", - деді шекарашылар.
Тағы бір шетелдік аамат тіркеу уақыты өтіп кеткен құжатын қолдан ұзартып, мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтпек болыпты.
"Алматы" шекаралық бақылау отрядының шекара наряды Алматы халықаралық әуежайында Ташкентке ұшқалы тұрған HY-762 әуе рейсін ресімдеу барысында 1986 жылы туған Өзбекстан азаматын ұстады. Ол тексеруге қолдан түзетілген құжат ұсыныпты. Уақытша тіркеу туралы анықтамасы 2019 жылдың 06 ақпанына дейін қолдан ұзартылған болып шықты", - деп атап өтті шекара қызметкерлері.