Алматы полициясы жолаушыларын ұйықтатып, сосын тонап кетіп отырған бір тор такси жүргізушілерін ұстады, деп хабарлайды Zakon.kz Алматы қалалық Полиция Департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның хабарлауынша, бір жүйеде "жұмыс" істеген 1985, 1982 және 1997 жылдары туған үш азамат құрықталған. Олар такси жүргізушісінің кейіпін танытып, түнгі клубтардың маңын "күзеткен", мекемеден масайып шыққан келушілерді күтіп алып, оларға қажетті жерге жеткізіп салуды ұсынған.
- Жол бойы клиентпен әңгімелесіп бара жатып, ер адамдар оған өз темекілерін ұсынады, артынша жолаушы есін жоғалтады екен. Осы орайда қаскөйлер өз әрекеттеріне кіріскен. Олар көпшіліктің назарынан тыс жерге көлікті бұрып, құрбандары қорғансыз күйде жатқан сәтті пайдалану арқылы бағалы заттарды иелену ниетімен әлгі адамдарды тонап кетіп отырған. Содан соң ұйқыға кеткен клиентті сол жерде қалдырып, өздері із суытқан, - деді Медеу аудандық Полиция басқармасының бастығы Болат Тотыбаев.
Жедел іздестіру шараларының барысында күдіктілердің кім екендіктері анықталды. Олар тұтқындалып, Алматы қаласы ПД уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. ҚР ҚК 191 - тонау бабына сәйкес сот алды тергеу аясында тергеп-тексеру жұмыстары жүріп жатыр.
- Қазіргі таңда фигуранттардың осы сияқты басқа да қылмыстарға қатыстарының бар жоғы анықталу үстінде. Ұсталғандардың тағы бірнеше қылмысқа қатысы бар болуы мүмкіндігін ескере келе, қала тұрғындарынан аталған тұлғалардың заңсыз әрекеттерінен зардап шеккендер болса 254-48-01; 254-48-34; 254-48-09 және 102 телефон нөмірлеріне хабарласуды сұраймыз, - деп толықтырды майор Тотыбаев.
Сурет Алматы қалалық ПД баспасөз қызметінен алынды
Сонымен қатар тәртіп сақшылары азаматтарға жеке таксиге отыру кезінде басқа жолаушылары бар көліктерге отырмауға кеңес береді. Және өзін "жомартпын" деп көрсеткен тасымалдаушылардың ешқандай ұсынысын қабыл алмауға шақырып отыр. Мұндайда ең жақсысы арнайы интернет-ресурстар арқылы шақыртуға болатын лицензиясы бар такси қызметтеріне жүгінген абзал.