Алматы облысында өмірінің 30 жылдан астамын түрмеде өткізген рецидевист-ұры ұсталды

Екі ұрлық дерегі бойынша келтірілген материалдық шығын 3 миллион теңгеден асып түскен.

Алматы облысының полицейлері "Құқықтық тәртіп" жедел алдын алу іс-шарасы барысында Текелі қаласындағы бірнеше ұрлықты жасады деген күдікке ілінген егде жастағы ер адамды ұстады, деп хабарлайды Zakon.kz облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиға Текелі қаласында орын алған. Полицияға хабар берген жергілікті тұрғын белгісіз біреулердің терезені қысу арқылы ашып, үйдегі ірі көлемдегі қаржыны, қаракүзен терісінен тігілген киімдер мен зергерлік бұйымдарды қолды қылғанын жеткізген.

Тәртіп сақшылары жедел іздестіру шаралары барысында 1959 жылы туған Қостанай облысының тұрғынын қолға түсірді. Күдіктінің бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылып, рецидевист-ұры екені анықталды. Ол 8 рет сотты болып, өмірінің 30 жылдан астамын темір тордың арғы жағында өткізген.

"Күдіктінің Алматы маңындағы аудандардың бірінде пәтерді жалға алып, өзі таксимен облыс аумағына "гастрольге" шығатыны анықталды. Күдіктіден зергерлік бұйымдар, Ұлы Отан соғысының наградалары, ақша, бұлғын баскиім және Текелідегі үйлердің бірінен қолды болған өзге де қымбат мүліктер тәркіленді",- деп хабарлап отыр ведомствоның баспасөз қызметі.

Тергеу барысында күдіктінің бір ай бұрын қалада болған басқа ұрлыққа да қатысы бары дәлелденді. Екі ұрлық дерегі бойынша келтірілген материалдық шығын 3 миллион теңгеден асып түскен.

"Күдікті азамат Текелі қаласы полициясының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу кезінде күдіктінің бұдан өзге қылмыстарға қатысы анықталатын болады",- деп атап өтті полиция өкілдері.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: