Еңбекшіқазақ ауданының тәртіп сақшылары жолаушы тасымалымен айналысып, әйел-жолаушыларды тонауды кәсіп қылған 27 жастағы жігітті қолға түсірді, деп хабарлайды Zakon.kz Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қызылжар ауылының 25 жастағы тұрғыны 3 маусымда полицияға хабарласып, белгісіз такси жүргізушісінің тонағанын және зорлық көрсеткісі келгенін айтқан. Зардап шегуші автокөліктің түсі мен шамамен маркасын атаған. Полицейлер бірнеше сағат ішінде таксидің маркасын, сонымен қатар күдікті азаматты да анықтады. Ол осы аудандағы Ащысай ауылының 27 жастағы тұрғыны болып шықты.
"Жедел іздестіру шаралары барысында күдікті ұсталды және аудандық полицияға жеткізілді. Оның зардап шегушінің ұялы телефоны мен 92 мың теңге ақшасын тартып алғаны анықталды. Сондай-ақ, тексеру жұмыстары барысында күдіктінің биыл мамыр айында орын алған Есік қаласындағы жас қызды тонау дерегіне қатысы бары белгілі болды. Екі жағдайда да ол жолаушыларын зорлауға ниеттенген. Дегенмен, қарсылық көрсеткен қыздардың зергерлік бұйымдарын, ұялы телефондарын және ақшаларын тартып алған",- деп хабарлайды Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Тонау және зорлауға оқталу деректері бойынша тергеу ісі Еңбекшіқазақ ауданы полициясының өндірісінде.
"Күдікті шалғай жерлерде жолаушы тасымалдаумен айналысқанын ескере отырып, оның облыс бойынша тіркелген осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысының барын анықтау жұмыстары жүргізілуде",- деп толықтырды облыстық полиция өкілдері.