Панфилов ауданының тәртіп сақшылары жергілікті екі тұрғынды Қызыл кітапқа енген Ақшыл секпіл пияу өсімдігін жинау барысында ұстады. Қазіргі уақытта аталған екі дерекке қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, деп хабарлайды Zakon.kz Алматы облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алдын ала тексеру барысында күдіктілердің жұлуға тыйым салынған өсімдік тамырларын емдік мақсатта қолдану үшін жинағаны анықталды.
- "Сезім" таулы округінде жүргізілген арнайы іс-шара барысында Қызыл кітапқа енген Ақшыл секпіл пияу өсімдігін жинаудың екі дерегі анықталды. 39 және 40 жастағы екі тұрғыннан 80 дана тамыр тәркіленіп, қылмыстық іс қозғалды. Өсімдік тамырлары тиісті сараптамаға жіберілді, - деп хабарлап отыр ведомствоның баспасөз қызметі.
Полиция таратқан ақпаратқа сәйкес, күдіктілердің мемлекетке келтірген материалдық шығындар есептелуде. Күдіктілер мекен-жайын өзгертпеу туралы міндеттемемен босатылды.
Сонымен қатар, полицейлер жыл басынан бері тиісті ведомстволармен бірлесе отырып, табиғат қорғау заңнамасын бұзудың жеті жүзге жуық дерегін әшкерелеген. Осы деректерге қатысты 445 әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұлдар салынған. Ал, 226 дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тарту бойынша шаралар қабылданған.