22 шілдеде Шымкентте жантүршігерлік оқиға орын алды. Аулада ойнап жүрген 3 жасар қыз жоғалып, қараусыз көлік тұрақтарының бірінен өлі табылған еді. Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахимов осы қайғылы отбасының үйіне бас сұғып, көңіл айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
"Осыдан 3 күн бұрын қаламызда қайғылы оқиға орын алды. Аулада ойнап жүріп, 3 жасар Кәусар әкесінің артынан барамын деп өздерінің көршісімен бірге әкесі отырған жаққа жүреді. Қоршауды секіріп өтпекші болып, кішкентай Кәусарды жетектеген көршісі оны қолынан түсіріп алады. Талып қалған сәбиді көріп, көршісі қорқып, кішкентай сәбиді сол жерде қалдырып кеткен. Қылмыс жасаған азаматқа қатысты іс қозғалып, қамауға алынған. Ол сөзсіз жауапқа тартылады.
Іс-сапардан келісімен оқиға орнына барып, мән-жайдың барлығын анықтадым.Кәусарға қатысты ешқандай зорлық жасалмаған. Кәусардың ата-анасына көңіл айттым, сындарлы сағатта бекем болуға шақырдым. Кәусардың жатқан жері жарық болып, Алла алдынан жарылқасын! Әр бала біз үшін қымбат. Сәбилеріміздің қауіпсіздігіне бәріміз жауаптымыз. Құрметті қала тұрғындары, балаларымызды сағат сайын бақылап, қадағалап жүрейік! " деп жазды әкім Іnstagram-дағы парақшасында.
Өз жазбасында қала әкімі осы мәселе бойынша арнайы жиналыс өткізіп, құзырлы орындарға тапсырма беретінін де қадап айтқан.