Ота жасап, жынысын ауыстырған Виктория Беркходжаева сотталып, түрмеге түскен соң өзін біреулердің зорлағанын мәлімдеген. Осы мәселеге қатысты Қылмыстық-атқару жүйесіні комитеті төрағасының бірінші орынбасары Теңізжан Жәнібеков өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Zakon.kz.
- Нақты қай күні екені есімде жоқ, шілде айы болуы керек. Ол құқық қорғау органының байланыс орталығына хабарласып, өзін түзеу мекемесінің қызметкерлері жеке алып кетіп, сексуальдық сипатта зорлық-зомбылық фактілері орын алды деп шағымданған. Біз қазір тергеу мүддесі тұрғысынан бұған қатысты мәліметтерді ашып айта алмаймыз, - деді Жәнібеков.
Ол бұл арада тергеу органы Алматы облысы, Іле аудандық полиция бөлімі екенін қадап айтты.
- Қазір бұл іс біздің назарымызда. Бұл істе кім жауапты, немесе кім күдікті, оны тергеу біткейінше айта алмаймыз. Бірақ бір айта кететін жайт, Беркходжаеваның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында прокурордың хаттамасымен осыдан біраз уақыт бұрын ол түрмеден шығарылып, тергеу изоляторына қамалды, - деп түсіндірді ҚАЖ басшысының орынбасары.
26 шілдеде ота жасап, жынысын ауыстырған Виктория Беркходжаева Алматы облысындағы колонияда зорланғаны хабарланды. Оның айтуынша, құқық қорғаушылар өз құзіретін асыра пайдаланған. Қазір тергеу тобы дәлелдерді тексеріп жатыр, одан соң сот-медициналық сараптама жүргізілетін болады. Сотталған әйелдің адвокаты өзінің қорғаушысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді сұрады.
Ота жасап, әйел болып алған Виктория Беркходжаеваның ісі үш жыл бұрын Алматыда бұрқ еткен. Оны кезінде еркек болған өзі секілді трансгендер: «Мені бопсалады» деп айыптаған. Беркходжаева өз айыбын сотта мойындамады. Бірақ соған қарамастан оған 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Әйел болып алғанына қарамастан ол түрмеде түскенде құжатта еркек болып тіркелген. Кейін бұл іске адвокат араласып, оған әйелдің төлқұжатын алып берген. Сөйтіп ақырында ол әйелдер колониясына тоғытылды.
Ол түрмеде жатып, кітап жазып жатқанын да айтқан. Кітап романтикалық қарым-қатынас желісіне құрылған. Сотталушы кітапқа өз басынан өткен жайларды факті ретінде тіркеуде екенін де жеткізген. Мәселен, ол темір тордың ар жағында өзінің қалталы көңілдесі туралы айтып та сұқбат берген.
"2013 жылы қарашада мен У деген азаматпен таныстым. Оған мені өзім секілді жынысын ауыстырған келіншек таныстырды. Ол менің жеке оқиғама қызығушылық танытқан адам барын айтты. Яғни, ота жасатып, әйел болып алғанымды білген. Содан екеуміз кездестік. Ол менің соңғы 3 жылдағы жалғыз жігітім болды. Ол қолы өте ашық адам. Ресми түрде көңілдесім болғандықтан, ол мені тұрақты түрде барлық жағынан қамсыздандырды. Үй де, көлік те әпергісі келген, бірақ оны тіркететін менде құжат болмады, сондықтан ол маған бәрін ақшалай берді. "Құжатыңды жасат тездетіп, бәрін әперемін" дейтін. Ол үнемі кем дегенде 10-20 мың доллар қолыма ұстатып кететін. Апта сайын. Мысалы үшін, мен шуба алам немесе анандай бағалы әшекей алғым келеді десем, соның құқынан 2-3 есе ақшаны қолыма ұстататын. Мен секілді онда қыз көп. Ол өте даңқты, ықпалды тұлға. Бір күні Лос-Анжелесте, бір күні Сингапурда жүреді. Онда да мен сияқты қыздармен көңіл көтереді. Бұл есірткі секілді шығар, сондайды өзі жақсы көреді", - дейді Виктория.
Оқи отырыңыз: "Екі күн зорлады...". Ота жасап, әйел болып алған қазақстандық шындық іздеп шырылдауда