Петропавл тұрғыны өз атына 50 мың ұялы телефонның тіркелгенін анықтап, төбе шашы тік тұрды, деп хабарлайды BaigeNews.kz.
Бұл туралы бойжеткен өзі тіркелген байланыс операторы кеңсесіне хабарласқанда білген.
Марияның айтуынша, ол ешқашан осынша көп нөмірді пайдаланған да, біреуге сыйға тартқан да емес. Ол өзінің қолындағы ұялы телефон нөмірін ұзақ уақыт бойына пайдаланып келеді, оны да көптен бері жаңартпаған.
- Естігенде құлап қала жаздадым. 50 мың нөмір, өзіңіз елестетіп көріңізші. Сонда менің атымнан бүтін бір әскер тіркелген бе, не, - дейді Мария.
Қыздың бұл сауалына оператор мандытып ештеңе айта алмаған. Алайда, бір белгілісі, олардың барлығы оның ЖСН-іне бекітілген екен.
- Мен бірнеше жыл бұрын жеке бас куәлігімді жоғалтқанмын, сірә сол бойынша берілген сияқты. Бірақ білесіз бе, менің неден үрейлетінімді? Осы нөмірлерді қолданған адамдардың бірі, мысалы қоңырау шалып, бомба туралы жалған хабар беруі мүмкін ғой немесе кейбірі алаяқтар болса, қайтемін? Ресми түрде бұл нөмірлердің иесі мен, әрине қандай да бір қиындықтарға тап боларым хақ қой. Нөмірді тексеріп көру деген менің ешқашан ойымда болған емес, - дейді ол.
Ол дереу арыз жазды, осылайша бұл нөмірлердің барлығы жабылып, қыздың нақты нөмірі өз атында қалдырылды.