Әлеуметтік желіде Рамазан айында сал баланың ауруына ақша жинау мақсатында лоторея ойнатып, басты ұтысқа көлік тігіп, ақырында елді сан соқтырып кетті деген әнші Дана Кентайдың оқиғасының мән-жайы анықталды, деп хабарлайды Zakon.kz "Астарлы ақиқат" бағдарламасына сілтеме жасап.
"Рамазан айында Айт мерекесі қарсаңында өзімнің керемет лоторея ойынымды өткіземін" деп желіде жарнама жасаған әнші Дана Кентай ұтысқа ақшалай сыйлық, тұрмыстық техника, бағалы бұйымдар, еліміздегі танымал сәнгердің 10 көйлегінен бөлек Киа автокөлігі қойылғанын да айтқан. Бірақ осылай ойын ойнатылып, көптен ақша жиналғанымен, сыйлықты да, пайданы да ешкім көрмеген. Ал жарнамадағы көлік әнші Дананікі емес, оны 3 есе бағаға сатуды көздеген Гүлдана деген сәнгердікі болып шықты. Ал бұл істен хабары жоқ әншінің продюсері Ақылбек Досжанов елден естімеген сөзім жоқ дейді.
Дана Кентай, әнші:
- Лотореяның ақшасын жинап алып, мені Дубайға қыдырып келді деп айыптады. Бұл шындыққа еш жанаспайды. Негізінен, лотореяны 50-60 мың адам ғана алған, жиналған ақша - ары кетсе 200-300 мың теңге. Онымен Дубайға барып, қыдыра алмайсыз. Бұл сөз маған ауыр тиді. Бірақ лоторея ойнатып жатқанда Дубайға барғаным рас. Ол солай тұспа-тұс келіп, жұрт жаман ойлап қалды.
Шындығында біз лотореяны сата алмадық. Оған басты себеп – желінің ұзақ уақыт бойына істен шығуы. Алматыда, Астанада митингтер, Арыста анандай жағдай болды дегендей. Содан біз жарнаманы дұрыс жүргізе алмай қалдық. Одан соң тапсырыс беруші айтты, жарнаманы басқа блогерге жасатамыз дегенде мен қарсы болған жоқпын.
Дана ол жиналған ақшаның өз иелеріне қайтарылғанына сенімді. Одан ол ешқандай пайда көрген жоқпын деп азар-безер.
- Жеңісбек бәрін қайтардым деген. Маған ұнамаған нәрсе, көлік Гүлдана деген ханымдікі болып шыққанда, өзімді жаман сезініп, түсініксіз күйде болдым. Ол кісіні танимын. Ол кісі маған мұны айтқан жоқ соңына дейін. Құдай-ай, әнімді айтып, тыныш концертімде жүре берсем ғой деп өкіндім артынан. Бұл жайт қанша жүйкемді құртты менің.
Жеңісбек Модаш, арт-директор:
- 58 билет сатылды. 48 билеттің ақшасы иесіне қайтарылды. 18 билеттікі қайтарылмады. Ойынды ойнатып жатқан біз емес. Үшінші адам, яғни тапсырыс беруші бар. Ол – Гүлдана ханым. Көлік те біздікі емес. Мен өз жұмысым үшін 100 мың теңге ақы алдым. Ал жарнама жасағаны үшін Дана 200 мың теңге алды. Бұл - алдын ала төлемі. Әйтпесе жарнама ондай тұрмайды. Бірақ лоторея өтпей қалды. Себебі біз лотореяны сатуға кіріскенде желі үзілді, интернет болмай қалды, біз желіде жұмыс істей алмай қалдық. Мен де бір көмекшіні ақшаға жалдағанмын, бірақ ол жер сипатып кетті. Бірақ оған өзім кінәлімін. Мен осы ай аяқталғанша 18 адамның ақшасын қайтарамын, оны қалтама басып тыныш ұйықтай да алмаймын. Көп емес, негізі ақша. Бірақ қазір ондай ақшам болмай жатыр.
Бағдарлама барысында көлік иесі Жеңісбектен көрмеген қорлығы жоғын айтып, одан бүгіндері 315 мың теңге ақшасын ала алмай жүргенін айтты.
Гүлдана Әлім:
- 10 млн теңге жиналуы керек болған. 1 млн теңгесін Дана аламын деді. 3 млн теңге Нұрбек деген балаға берілуі керек болатын. Қалғанын мен алуым керек еді. Мына көліктің нарықтағы бағасы - 3,5 млн теңге. Біз оны 10 млнға сатпақ болдық. Жеңісбек көлігімді жарнамалау үшін бір күнге сұрап алды. Ол менің мініп жүрген көлігім еді. Көріп тұрсыздар, өзім мүгедек адаммын. Екі есеге ақша табасың деген соң, биік көлік мінемін деп қызыққаным рас. Бірақ олар бір күнге алған көлікті 10 күннен соң әрең қайтарды. Жылап күнде звандаймын, "Жеңісбек, қарағым, көлігімді қайтаршы" деп. Қайта үйін білемін, одан соң артық кілтім болған, содан үйіне барсам есік алдында көлік тұр екен, содан алып кеттім оны. Ал өзіне қоңырау шалсам, Ват-сапқа жазсам, мүлде алмайды. Сөйтсем көшедегі камераға айыппұлға түскен. Оны да өзім төледім. Қаралау үшін бұл арада отырған жоқпын, ел ақ-қарасын білсін деймін. Ал Данаға көліктің менікі екенін соңына дейін айтпауыма Жеңісбек көндірген, солай дұрыс болады деп. Осыған сеніп жүрмін ғой мен. Жеңісбек маған 315 мың теңге қарыз енді қазір, қайтарсын оны, ол менің маңдай теріммен тапқан ақшам.
Ал жарнамада көмектесеміз деген сал ауруына шалдыққан баланың анасы видеотүсірілім жасаймыз деп адамдардың келмей қалғанын, сол күні қонақ күткендей бүкіл азық-түлікті сатып әкеліп әбігерге түскендерін айтады.
- Келмей қалды. Қанша ақшамыз шықты. Бір тиын көмек болмады бұлардан, - деді Нұрбектің анасы.
Ақылбек Досжанов, Дана Кентайдың продюсері:
- Сіздердің арқаларыңызда маған нешетүрлі адамдар звандайды. "Мал" дейді. Сұмдық қой. Керемет сөздер естідім. Жеңісбек, сен ол ақшаны қайтаратынына күмәнмен қараймын. Осы бағдарламаға келгенде сол ақшаны тауып, осы студияда адамдардың қолына табыстап, әдемі кетуге мүмкіндік болған сенде. Оны ойына да алмағаныңды көріп тұрмын. Сенен сұрарым, Данадан 5 метр аулақ жүрші енді, айналайын. Бұл арада мені ашындыратын нәрсе, мына кісі 3,5 млн теңге көлігін ұялмай 10 миллион теңгеге өткізгісі келген, ал мынанлар да ақша табам деп нешетүрлі құйтырқы жасаған, мен білмеймін мұның бәрін. Ниет дұрыс болмаған соң бәрі осылай аяқталған. Нұрбектен ешкім кешірім сұраған, бір тиын бермеген. Дананың Дубайға баруына ақшаны мен бергенмін, жұрт қателеспесін.
Дана Кентай:
- Алматы бойынша концертім өтуі керек, продюсерім рұқсат берсе сол ақшамды берер едім ол балаға.