Алматы облысының әкімдігі Қарасай ауданындағы жер учаскелеріне қатысты дауға түсінік берді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Әкімдік Алматы облыстық прокуратурасының тексеруі кезінде 2016-2018 жылдар аралығында жалпы аумағы 4,5444 гектар жер учаскелерін жеке меншікке көгалдандыру үшін бөлуге қатысты жер заңнамасын бұзудың 57 фактісі анықталғанын айтады. Бұл жер учаскелері аудан әкімінің шешімімен арнайы талаптар бойынша берілген. Оның ішінде көлемі 3,4229 гектар 46 жер теліміне жер учаскелері бойынша мемлекеттік актілер алынған және "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы ҰАҚ-да тіркелді. Ал көлемі 1,1215 гектар болатын 11 жер учаскесінің мемлекеттік актісі жоқ.
Алматы облысы прокуратурасының ұсынысы негізінде сотқа Алматы облысының жер учаскелерін пайдалану және қорғауды бақылау басқармасы шағымданған. Олар аталған жер учаскелерін жекеменшік құқығынан айыруды талап етуде.
- Бүгінгі таңда бұл факті бойынша сот процесі жүріп жатыр. Сотқа Қарасай ауданының әкімдігі емес, жер инспекциясы арызданған. Сонымен қатар, біз ол арада көп адам үй салып алғанын білеміз. Соған байланысты сот объективті шешім шығарады деп үміттенеміз. Рұқсат қағаздары мен құқық беруші құжаттары бар үй иелеріне бұл дау әсер етпейді деп сенеміз. Қызыл сызыққа түсетін үй салынбаған жер телімдері, онда да қолында тек мемлекеттік актісден басқа түгі жоқтардың мәселесі заң жүзінде шешілетін болады, деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.