Түркістан облысындағы мектептердің бірінің директоры полицияға пара беру үшін ақша жинады деп айыпталды. Бұл шым-шытырман оқиға оқушы қыздың бастан кешкен жайтынан басталған. Оқу орыны оны көпшілікке жария қылмас үшін пара беруге бел буған, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия Бірінші арнасына сілтеме жасап.
Бақытжан Бейсенбаев 17 жылдан астам уақыт бойына Дихан баба ауылындағы Алтынсарин орта мектебінде мұғалім болып жұмыс істейді. Ол оқу орнының басшылығы әр түрлі қажеттіліктер үшін үнемі ұжымнан ақша жинайтынын айтады. Кейде тым көп. Оның айтуынша, бұл бұрыннан қалыпты дәстүрге айналған. Бақытжан соңғы ақша жинау кезегі келгенде шыдамы әбден таусылған. Бұл жолы мектептегілер оқушы қыздың оқиғасына көз жұма қарауы үшін тәртіп сақшысына 100 мың теңгеден жинамақ болыпты.
Бақытжан Бейсенбаев, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің физика пәнінің мұғалімі:
- Біз ай сайын осылай ақша жинаймыз. Өткен айда 8 мың теңгеден жинадық. Қазір әлі жалақы алған жоқпыз. Бізге бұл жолы енді 100 мың теңгеден жинайсыңдар деп жатыр.
Бақытжанның айтуынша, 9-сынып оқушысы мейрамханада даяшы болып жұмыс істеген, оны полиция рейд кезінде ұстап алған. Оқушы содан қатты қорқып, өз әрекетінің мән-жайын түсінбей, тамырларын кесіп тастапты.
Бірақ мектеп басшылығы бұл оқыс жағдайды жоққа шығарады.
Халида Қабылова, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің директоры:
- Ондай ештеңе болған жоқ. 100 мың теңге жинау туралы әңгіме де болған емес, шын айтамын. Міне, Құдай тұр ғой.
Қыздың анасынан да осыған ұқсас жауап алдық.
Зардап шегуші оқушы қыздың анасы:
- Міне, біз үй салып жатырмыз. Қараңыз, әне шынысы жоқ. Қызым түнде дәретханаға шығып, қараңғыда құлап, әйнекке жарақаттанған. Түймедей нәрсені түйедей етесіздер. Қант диабетім бар, күйеуімнің жүрек аурады. Осының бәрінен біз шаршадық!
Оқыс оқиғадан кейін оқушы қыз дереу ауруханаға жеткізілген.
Облыстық ПД бұл жайтқа қатысты мынаны айтты:
"19 қарашада таңғы сағат 6-да жасөспірімнің қолы кесілгендігі туралы хабарлама келіп түсті. Жедел-тергеу тобы оқиға орнына бірден жетті. Тергеу барысында кәмелетке толмаған қыздың әкесі оның жуынып жатқанда жарақаттанғанын, ешкімге ешқандай шағымы жоқ екенін айтты".
Сарыағаш ауданының орталық ауруханасы берген анықтамада жасөспірімнің сол жақ білегінде тілік жарақаттары бар делінген.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, олардың ауылында кәмелетке толмағандардың көбісі мейрамханалар мен кафелерде қосымша ақша табады. Күніне - 1 мыңнан 3 мың теңгеге дейін. Көптеген ата-ана үшін бұл қалыпты жағдай. Ал полиция мұндай жағдайда мектептің беделіне нұқсан келеді деп санайды. Мұғалімнің де айтып тұрғаны осы!
Оқи отырыңыз: "Мұғалімдерден 100 мың теңге жинап жатыр" деген кісі комиссия келгенде жалтарып кетті