Қолын қайырып, ұстаған адамын полиция қызметкерлері жабылып ұрғаны бақылау камерасына түсіп қалған, деп хабарлайды zakon.kz.
Оның видеосы желіде тарауда.
Видеода қолы қайырылып, байланған адамды полиция қызметкері бөлімшеге жерге сүйреп әкелгенін көруге болады. Ал басқалары оны көрінген жерінен тебе бастайды. Бірінің аяғы ішіне тисе, бірінікі басына тиген.
Сөйтсек бұл өрескел жайт Ақтөбеде орын алыпты.
- Ішкі аудит жүргізілді. 24 қараша күні сағат 15.00-шамасында Алматы ауданындағы № 3 полицияның кезекші бөліміне «Заходи» кафесінде төбелес болып жатқандығы туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына Ақтөбе полиция басқармасының патрульдік арнайы жасағы жіберілді, олар бұзақылық фактісін тіркеді. Алматы аудандық №3 полиция бөлімшесіне кафеде ішіп алып, төбелес шығарған үш адам жеткізілді. Үш адамның бірі (видеодағы) кафеге келген қызды негізсіз ұрып-соққан. Бөлімшеге жеткізу кезінде олар полиция қызметкерлеріне бағынбай, мінез көрсетті, деп хабарлады полиция.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы, "Бұзақылық" бойынша, сондай-ақ 378-бап, "Қызмет бабында полиция қызметкерін қорлау" бойынша сотқа дейінгі тергеу ісі қолға алынды.
- Алматы ауданындағы №3 кезекші бөліміне жеткізу кезінде дәлізде полицияның кезекші жасағының қызметкері бұзақыға дене жарақатын салған. Денеге зиян келтіру фактісі бойынша Ақтөбе облыстық полиция департаменті Ішкі қауіпсіздік басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің 362-бабы, яғни "Билік немесе қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдалану" бойынша сотқа дейінгі тергеу ісін қолға алды. Облыстық полиция департаменті бастығының бұйрығымен патрульдік полицияның 10 қызметкері жұмыстан босатылды, осы оқиғаға қатысы бар үш полиция қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлады полициядағылар.