Алматы облысындағы атыстың мән-жайы белгілі болды

Тергеу мәліметінен белгілі болғандай, ауылдастар арасындағы жаппай атысқа мазақ видео себеп болған.

Алматы облысындағы адам өлімімен аяқталған ерегісте Панфилов ауданы Көктал ауылы әкімінің орынбасарының да аты аталды, деп хабарлайды zakon.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Алматы облысында ағайындар арасындағы төбелес атысқа ұласып, бір адам қаза тапты. Бұрыннан араздығы бар туыстар бір-біріне аңшы мылтығын кезеніп, пышақ ала жүгірген. Қанды қырғында тағы төрт адам ауыр жараланып, ауруханада жатыр. Үш жігіт қамауға алынды.

"Ауылдастар атысты" деген хабар елге тез тарады. Ал бір-біріне қару кезенген Жаркент іргесіндегі Көктал ауылының жігіттері. Қанды қырғында бір адам қаза тауып, төртеуі ауруханаға түскен. Жарақаттарын көріп, дәрігерлер жаға ұстап отыр. Айтуларынша, екіге бөлініп ерегіскен топ бір-бірін аямаған", - дейді телеарна тілшісі.

Марат Әбубакиров, хирург:

- Бүйрегі мен көкбауырынан, ішегінен , омыртқасынан жарақат алған. Пытыра ғой. Оқ тиген бір науқастың жағдайы ауыр. Қалған үшеуінің өкпесіне, ішек құрылысына бір емес, бірнеше жерден пышақ сұғылыпты.

Зардап шеккендердің бірі – Гүлнәр Баекееваның күйеуі. Келіншектің айтуынша, қанды қырғынды ауыл әкімінің орынбасары қасақана ұйымдастырған.

Гүлнар Баекеева, күдіктілердің туысы:

- Қадырбаев деген Көктал ауылының әкім орынбасары бауырымның жағын сындырды. Сол үшін мен арызданғаным рас. Сол кезде маған айтқан: "Егер арызыңды алмасаң,бауырыңды немесе өзіңді өлтіреміз" деген. Бір сөзге келместен, көліктен түскен төрт баланы бірдей ата бастаған. Жазықбеков Ербол, Асылбек, Ердос деген бар, олардан бір бала емес, жалпы 30 бала болып барған. Төртеуіне 30 бала жабылған.

Бірақ полиция мәліметі бұған мүлде кереғар." Атыс туыстар арасында болған", - дейді аудандық полиция бастығы. Ал төбелес болған жерге қаруды басқа емес, келіншектің ағалары алып келген екен.

Арнай Әбдірахманов, Панфилов аудандық ПБ бастығы:

- Бұл жерде мылтық Баекеевтер тарапынан алынды, үш мылтық та. Мойындап, бүгін жауап алынған. Бәрі қылмыстық іске біріктірілген, айғақ зат ретінде. Тергеу амалдары жүргізілуде, жалпы адам саны 15 адамдай.

Тергеу мәліметінен белгілі болғандай, ауылдастар арасындағы жаппай атысқа бұл таспа себеп болған.

-Қатыны ұрып-соғады, қатыны кетіп қалса, қатынның орнына қатын боласың, бала-шағаға қара, мен таксимен жолаушы тасып келемін деп, үйіне от жағасың, бала-шағасына қарайсың деген. Әрі өткен, бері өткен, балалар көреді, күледі.

Ұсталған күдіктілердің бірі қарызын төлей алмаған өз сыныптасын бір жыл бойы жұмысқа тегін жегіпті. Бала-шағасының киімін жуғызып, үйін жинатқан. Содан жәбір көрген жігітке ауылдың басқа жігіттері араша түскен көрінеді. Мәліметтерге қарағанда, ерегіс осы жерден басталған. Ауыл спортзалының маңындағы алаңқайда. Бір топ-жігіттің өзара жиналып, ерегісіп, айқайласқанын ауыл адамдары көрген. Бірақ өкіншіке қарай, ешкім сақшыларды шақырмапты.

-Жалғыз тал балам ғой, жалғыз тал! Енді мен қайтіп өмір сүремін?! Сол жалғызымның артында аңырап, жылап қалып отырмыз, мінеки.

Ал атыста қаза тапқан – Теміртас Баекеев. Жігіттің бес жеріне оқ тиген. Қайғыдан қан жұтқан ата-ана оның өліміне басқа емес, қазір қамауда отырған өз туыстарын кінәлады.

Совет Жұмабаев, марқұмның әкесі:

- Аналар айуан, бүкіл халық біледі, айуан екенін. Білмей қалдым мен... Алып, шығып кеткен солар, бауырымның балалары. Бес жасынан қалған олар, содан тәрбие, ештеңе көрмеген. - Істі болған, бүкіл халық біледі оларды. Бәрі істі болған.

Небәрі 27 жастағы жігіттің артында бес жасар қызы мен төрт айлық сәбиі қалды. Қазір аталмыш қылмысқа қатысты үш адам қамауда отыр. Қалған 8 адам куәгер ретінде іске тартылған. Үш бірдей аңшы мылтығы мен екі пышақ айғақ зат ретінде тіркелді.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: