Алматы әуежайында Молдова азаматы жұртқа "пышақ тықпалады"

Оған 10 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

Көлік полицейлері қайталап жасалған құқық бұзушылық үшін Молдова Республикасының азаматын әкімшілік жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды zakon.kz Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ағымдағы жылдың басынан бері Көліктегі полиция департаментінің және оның желілік бөліністерінің қызметкерлері әртүрлі әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін 12 460 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартты, оның ішінде қоғамдық орындарда тиіскені үшін - 623.

Мәселен, көлік полицейлері патрульдеу кезінде Алматы қаласының әуежайында Молдова Республикасының 26 жастағы азаматы анықтап, ұстады. Шетелдік азамат қоғамдық орында жолаушыларға ас үй пышақтарын сатпақшы болып, мазалап өтініш білдірген. Сондай-ақ, тексеру барысында оның кәсіпкерлік субъектісі болып табылмайтындығы анықталды.

Құқық бұзушыға қатысты қоғамдық орындарда тиісу (ҚР ӘҚБК 449-бабының 3-бөлігі) және белгiленбеген орындарда сауда жасау (ҚР ӘҚБК 204-бабының 2-бөлігі) бойынша екі әкімшілік хаттама толтырылып, оған 10 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

Бұған қоса, Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен ер адам 1 тәулікке қамауға алынды.

Еске сала кетейік, ҚР заңнамасына сәйкес ҚР ӘҚБК-нің 449 бабы бойынша бірінші рет құқық бұзушылық жасаған тұлғаларға 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады, үш жыл ішінде қайталанған жағдайда 10 АЕК мөлшерде айыппұл немесе бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамау көзделген. Сондай-ақ, аталған әрекеттер шетелдік не азаматтығы жоқ тұлғалар үшін бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға не Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберуге әкеп соғады.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: