Сарыағаш АПБ-нің кезекші бөліміне тұрғындардың бірі хабарласып, жол бойында көлік қаққан адамның жатқанын жеткізген. Ақпарат алған бетте тәжірибелі полицейлерден құралған жедел-тергеу тобы оқиға орнына жетті. Жарақат алған тұрғын жедел жәрдем көлігімен орталық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді, деп хабарлайды zakon.kz.
Оқиға орнына келген полицейлер, Құркелес ауылының Ақниет-Көктерек тас жолы бойында белгіленбеген жолмен өтпекші болған тұрғынды, белгісіз "Hyundai Sonata" автокөлігі соғып, жол-апатын жасағанын анықтады. Ал, кінәлі жүргізуші жол-көлік оқиғасы орнынан қашып кеткен.
Апатқа қатысы бар жасырынған жүргізушіні ұстау мақсатында Сарыағаш аудандық полиция бөлімі қызметкерлерімен жедел-іздестіру іс-шаралар кешені жүргізілді. Нәтижесінде 5 тәулік ішінде "Hyundai" маркалы көлік анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Жүргізуші болса өз кінәсін толық мойындады. Ол жергілікті тұрғыны болып шықты. Автокөлік айыптұраққа қойылды.
Аталған жайт Сарыағаш аудандық полиция бөлімінде ҚР ҚК-нің 345-1-бабымен "Алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы" тіркелді. Күдіктінің бас шарасы "қолхатта".
Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері, жол қозғалысына қатысушыларға жолда абай болуға, ал жол-көлік оқиғасы болған жағдайда оқиға орнынан кетпеуге кеңес береді.
Егер сіз жол-көлік оқиғасына қатысушы немесе куәгер болсаңыз, шұғыл 102 телефоны бойынша полицияға хабарласыңыз.