Алматы облысында үш барымташы ұсталды

Күдіктілер уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды.

Қылмыс үстінде ұсталған күдіктілер 20 бас ұсақ мал ұрлығын толығымен мойындады, деп хабарлайды zakon.kz Алматы облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қысқа мерзім ішінде Ескелді ауданының тұрғындарынан жеке сектор, яғни аулаларынан ұсақ малдарының түнгі уақытта ұрланғаны туралы бірнеше арыз келіп түскен. Аталған деректер ҚР ҚК 181-1 бабы бойынша тіркеліп, бірқатар жедел-іздестіру іс-шаралары ұйымдастырылды.

Нәтижесінде, тәртіп сақшылары 13 қыркүйектен 14 қыркүйекке қараған түні бұрын ұрлық жасалған жерлерден көзге түскен "Toyota Aristo" көлігін анықтады. Полиция көліктің соңынан қуып жетіп, оны сағат 03.00 шамасында Алматы-Өскемен автожолынан тоқтатқан. Көлікте 22, 25 және 26 жастағы үш ер адам болған. Тексеру барысында тәртіп сақшылары көліктің жүксалғышынан Ақын Сара ауылының 57 жастағы тұрғынының таңбасымен таңбаланған, байлаулы екі қошқарды тапты. Ұсталған күдіктілер Ақын Сара, Қаратал және Ақтасты ауылдарының сегіз тұрғынынан 20 бас ұсақ мал ұрлағандарын мойындады.

Барымташылардың біріне тиесілі автокөлік қылмыс құралы ретінде сот шешіміне дейін арнайы тұраққа қойылды. Күдіктілер уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды. Олардың облыс аумағындағы осыған ұқсас ашылмаған қылмыстарға қатыстылығын тексеру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: