Алматы облысында мас жүргізуші 3 жылға сотталды

Көлік басқару құқығынан айырылған Алматы облысының тұрғыны масаң күйде жол-көлік оқиғасын жасаған.

Сотқа дейінгі тергеу барысында сотталған азаматтың бұған дейін 2017 жылғы ақпан айында сот қаулысына сәйкес мас күйінде көлік жүргізіп, жол көлік оқиғасын жасағаны үшін көлік құралын басқару құқығынан бес жылға айрылғаны белгілі болды. Соған қарамастан, ол 30 тамыз күні Көксу ауданында "Nissan Primera" маркалы автокөлікті мас күйінде басқарып, Mercedes-Benz көлігімен соқтығыс жасап, оқиға орнынан кетіп қалған, деп хабарлайды zakon.kz Алматы облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Сот барысында Көксу ауданының 29 жастағы тұрғынының бұған дейінгі заңға қайшы әрекетінен өзіне тиісті қорытынды жасамағаны, автокөлікті басқаруға тыйым салынғанын анық біле тұра, қасақана мас күйінде автокөлікті басқарғаны айтылды. Істі қараған судья құқық бұзушының өзгенің автокөлігіне закым әкелгенін және жәбірленушіге материалдық шығын келтіргенін ескере отырып, оны 3 жылға бас бостандығынан және өмір бойы көлік басқару құқығынан айыру туралы шешім қабылдады", - деді Көксу ауданы Полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Рамиль Гимадиев.

Сотталушы азамат сот залында қамауға алынып, аудандық полицияның уақытша ұстау изоляторына орналастырылды. Сот шешімі әлі күшіне енген жоқ.

Өз кезегінде құқық бұзушы кінәсін толық мойындап, өзге жүргізушілерден оның жіберген қателігін қайталамауын сұрады. Полиция өкілдері таратқан ақпаратқа сәйкес 8 айдың қорытындысы бойынша 850 адам масаң күйде көлік тізгіндегені үшін жауапкершілікке тартылған.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: