Тараздағы бүкіл елдің қабырғасын қайыстырған қайғылы жағдай қала орталығындағы жер үйде болды. Бір үйден екі бүлдіршін қаза тапты. Тәртіп сақшылары қара жамылған отбасына ешкімді жақындатпай жатыр. Ал оқиға кеше күндізгі сағат он шамасында болған. Үйден түтіннің будақтағанын байқаған көршілер төтенше жағдай қызметіне хабар берген, деп хабарлайды zakon.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Дереу жеткен төтеншеліктер өртті ауыздықтап, екі және үш жастағы бүлдіршіндердің өлі денесін алып шығады. Екі бала түтінге тұншығып қалған.
- Ойбай, құлындарым, жандарым менің!
Ананың жоқтау айтудан басқа амалы жоқ. Оған бүгін ең ауыр, азалы күн. Бір күнде екі бірдей перзентінен айырылды. Ал кішкентай бүлдіршіндер үйде өздері ғана қараусыз жүріпті, сол кезде ата-анасы үйде болмаған. Әкесі жұмыста, ал аяғы ауыр анасы дәрігерге қаралуға бір сағатқа ауруханаға шығып кетіпті. Марқұмдардың тағы 8 жастағы әкпесі сабақта болған.
Айтқазы Қарабалаев, Тараз қаласының әкімі:
- Ата-анасы жақсы адамдар. Ішімдікке салынғандар емес. Былай айтқанда, тұрмыстық жағдай ғой. Бір сағатқа ауруханға барып келейін деп, анасы шығып кеткен. Қайтып келгенде осындай жағдай болып отыр. Әкесі де биржа, көлік жуу сынды жерлерде жұмыс істеген.
Оқиға шенеуніктерді де аяғынан тік тұрғызды. Облыс әкімінің екі орынбасары мен қала басшысы да осында жүр. Болжам бойынша, өрт сіріңкеден тұтанған. Балалар шақпақпен ойнаймын деп, өрт шығарып алса керек. Алдымен жинаулы тұрған көрпелер, артынан жиһаз жанған. Шамасы осылардан шыққан ысқа балалар тұншығып қалған. Дегенмен қазір осы дерекке қатысты тексеру басталды. Ал жерлеу рәсімі ұзаққа созылған жоқ. Түс ауа екі бүлдіршіннің денесі жер қойнына тапсырылды.