2021 жылғы 2 қаңтарда түнгі уақытта Қарабұлақ кентіндегі патрульдік полиция қызметкерлерінің назарын "Volkswagen Golf 3" автокөлігінің жүру мәнері өзіне аударған, деп хабарлайды zakon.kz Алматы облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Аталған көлік құралын тоқтатқан полицейлер көлік тізгініндегі әйелден ішімдік ішудің айқын белгілерін байқаған. Содан кейін жүргізілген куәландыру алкогольдік масаңдықтың орташа деңгейін растады", - деп хабарлады Ескелді аудандық ПБ бастығы орынбасарының міндетін атқарушы полиция майоры Айдос Есімбеков.
Тексеру барысында Талдықорған қаласының 38 жастағы тұрғыны 2019 жылдың наурыз айында үш жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылғаны анықталды. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
"Енді жүргізуші әйелді қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Азаматшаның темір тұлпары арнайы көлік тұрағына тоғытылды. Күдікті мекенжайын өзгертпеу туралы міндеттемемен босатылды. Қолданыстағы заңнаманы масаң күйде көлік басқарғандарға қатаң шаралар қабылдау бойынша өзгерту енгізілгеніне қарамастан, кейбір жүргізушілер әлі күнге ішімдік ішіп, көлік тізгіндеді. Баршаңыздың назараңызға: көлікті масаң күйде басқарған адам - қылмыскер! Өзіңізге де, айналаңыздағы адамдарға да қауіп төндірмеңіз!", - деді полиция майоры Айдос Есімбеков.