Жылқыны мылтықпен атып, сол жерде сойып алатын екі ұры ұсталды

Алматы облысында жайылымдағы жылқыларды ұрлады деген күдікпен екі адам ұсталды.

Алматы облысының полицейлері Ұйғыр ауданының 43 жастағы тұрғынына тиесілі 2 жылқыны жайылымнан ұрлады деген күдікке ілінген екі адамды ұстады. Бұлтартпас айғақтардан кейін екі күдікті қылмыстарын мойындады, деп хабарлайды zakon.kz Алматы облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен Көксу ауданының 32 жастағы және Ұйғыр ауданының 35 жастағы тұрғындары ұсталды. Олар жайылымдағы жылқыларды мылтықпен атып, сол жерде сойып алғаны анықталды. Күдіктілерден қылмыс құралы болған қару, екі автокөлік және жылқылардың еті тәркіленді. Өзге ақпарат тергеу құпиялығына байланысты таратылмайды, - деді Ұйғыр ауданы Полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Шыңғыс Сабуров.

Ведомство басшысының ақпаратына сәйкес, күдіктілердің бірі ұрланған малдың етін облыс орталығына сату мақсатында келе жатқан жолда қолға түскен. Мал ұрлығының алдын алу мақсатында Алматы облысында мал және ет өнімдерін тасымалдауға қажетті құжаттарды тексеру тәртібі қатаңдатылғанын хабарлағанбыз.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1 бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Олардың осыған ұқсас өзге қылмыстарға қатысы бары тексерілуде , - деп толықтырды полиция полковнигі Шыңғыс Сабуров.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: