Алматы облысында 433 млн теңгеге салынған жаңа мектеп құлауға шақ тұр

Бір қызығы, мектепті қабылдап алған жауаптылар сол кезде жаңадан салынған мектептен бір мін таппапты. Қазір қылмыстық іс қозғалған.

Алматы облысының Қаратал ауылында 2014 жылы қолданысқа берілген ғимараттың 4 жыл өтпей жатып быт-шыты шыққан. 433 миллион теңгеге салынған жаңа мектептің спорт залдың едені ортасына түссе, қабырғалары өздігінен сөгіліп жатыр, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия Бірінші телеарнасына сілтеме жасап.

Ғалия Мақыпбекова, мектеп директоры:

- Спорт залдың мәселесі 2018 жылдың сәуір айында басталды. басында еденде толқындар пайда болды, артынан асты суланып, шіріп жатқаны анықталды. 2020 жылы шағын орталық бөлмелерде жарықтар пайда бола бастады. 2021 жылы бұл жарықтар ұлғайып, едені төменге түсіп кетті.

Мектептің қазіргі күйін көрген адам шошиды. Спорт залдан бөлек, 100 балаға арналған бастауыш сыныптың кабинеттері, асхана, шағын орталықтардың ойраны шықан. Мектептің іргетасы шөгіп, қабырғалары қақырап, есік-терезелері қисайған. Тіпті, мектепке кірудің өзі қорқынышты.

Ғалия Мақыпбекова, мектеп директоры:

- Біздің оқушылар 2020 жылдың сәуір айынан бастап оқудың онлайн форматына көшірілген. Ал оффлайн оқуды 2021 жылы 16 ақпан айында мектептің негізгі ғимаратында бастадық.

Бір қызығы, мектепті қабылдап алған жауаптылар сол кезде жаңадан салынған мектептен бір мін таппапты. Ал мердігер ұйым кепілдік мерзімі өтіп кеткендіктен қандай да бір жауапты алудан бас тартып, жоба авторына кінә артқан. Ал жобалаушы мемлекеттік сараптамаға сілтеп отыр.

Әділет Айтақов, Ескелді аудандық құрылыс бөлімінің бастығы:

Бірнеше мәрте аудандық құрылыс бөлімі барып, көзбен шолу актісін жасап, 2018 жылы күзде білім бөліміне хат жазған болатын. 2019 жылы қаңтар айында білім бөлімі білім басқармасына бюдджеттік өтінім жолдады. Бірақ оған ешқандай ақша бөлінбеді. 2019 жылы аудандық прокуратураның қаулысымен қылмыстық іс қозғалды.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: