Алматыда атышулы жол апатына қатысушылар сотталды

Олардың әрқайсысына бір жылға бас бостандығын шектеу, сондай-ақ, үш жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру туралы сот үкімі шықты.

Алматыда атышулы жол апатына қатысушылар сотталды, деп хабарлайды zakon.kz.

Polisia.kz сайтының хабарлауынша, бұл жол-көлік оқиғасы 2020 жылы 17 қыркүйекте таңғы сағат 08.00 шамасында Алматы қаласы Әуезов ауданында болған.

Анықтау басқармасы ҚР ҚК-нің 345-бабы 2-бөлігінде көзделген қылмыс белгілері бойынша тергеу жүргізген қылмыстық іс материалдарына сәйкес, жүргізуші С.Сатқынбай, “Daewoo Matiz” автокөлігін Алтынсарин көшесінің бойымен оңтүстік бағытта басқарып келе жатып, Абай даңғылымен қиылыста ҚР ЖҚЕ-нің 5.2.5 тармағын бұза отырып, тыйым салынған бағдаршамның қызыл түсінен өтіп, қиылысқа шығып кетті және сол жерде, жүргізуші Е.В.Ивченконың басқаруындағы “JAC S3” автокөлігімен соқтығысты. Е.В.Ивченко, өз кезегінде, Абай даңғылымен шығыс бағытта келе жатып, ҚР ЖҚЕ-нің 5.2.3 тармағын бұза отырып, бағдаршамның тыйым салынған сары түсіне өтіп кеткен. Соқтығысу нәтижесінде Е.В.Ивченко басқарған көлік инерциямен қозғалып, қиылыстың бұрышында тұрған жаяу жүргіншіні қағып кетті. Осы оқиғаның салдарынан жаяу адам ауыр дене жарақаттарын алды, – деді, Алматы қалалық ПД бастығының орынбасары Рүстем Әбдрахманов.

Оның айтуынша, бұл факт бойынша тергеу аяқталды. Әуезов аудандық сотының үкімімен екі жүргізуші де ҚР ҚК-нің 345-бабы 2-бөлімі бойынша қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылды және олардың әрқайсысына бір жылға бас бостандығын шектеу, сондай-ақ, үш жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру туралы сот үкімі шықты.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: