Алматыда 37 жастағы жұмысшы өзінің серіктесін пышақтап тастады. Оқиға "Восточка" тұрығын үй кешенінде болған. Қанды оқиғаға не түрткі болғаны әзірге белгісіз. Күдікті қазір қамауға алынды, деп хабарлайды zakon.kz "Еуразия" бірінші арнасына сілтеме жасап.
Қолы қанға боялған жұмысшыны көрші үйде тұратындар видеоға түсіріп алыпты. Ол қылмыс жасағаннан кейін айқайлап жұртшылықтың мазасын алған көрінеді. Оқиға 5-маусым күні тұрғын үй кешеніндегі пәтерлердің бірінде болған. Жалдамалы құрылысшылар жөндеу жұмыстарын жүргізу барысында бірге отырып ішімдік ішіпті. Артынан араларында кикілжің туындап, 37 жастағы жігіт серіктесінің кеудесіне пышақ сұғып алған. Ауыр жарақат алған азамат оқиға орнына да тіл тартпай кеткен.
Петр Мярикянов, куәгер:
Мен үйде болатынмын. Дабылдың дауысын естіп терезеге қарасам көп полиция көлігі тұр екен. Балам далада ойнап жүрген болатын. Не болғанын көру үшін далаға шығып көршілерден сұрағанымда қасымыздағы үйде адам өлімі болғанын жеткізді. Олар ішіп алып ерегескен көрінеді.
Оқиға орына келген тәртіп сақшылары күдіктіні полиция бөліміне жеткізген. Тексеру барысында оның ішімдікке сылқия тойып алғаны белгілі болған. Әзірге жанжалдың неден туындағаны белгісіз.
Салтанат Әзірбек, полиция департаментінің ресми өкілі:
Қазіргі таңда Медеу аудандық полиция басқармасына қарасты полция бөлімшесінде қылмыстық кодекстің 99 бабының бірінші тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Суыт хабар келе салысымен оқиға орнында дәл сол сезікті ұсталды патрульдік полиция қызметкерлерімен. Еш жерге қашып құтылам деген жоқ ол. Шынында да алкогольді ішімдікті ішкені анық болды.
Полиция адам өлтіру бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын қолға алған. Егер күдіктінің кінәсі толығымен дәлелденетін болса 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.