Алматы облысында бірнеше айдан бері жалақы ала алмай жүрген тұрғындар шу шығарды. Алма өсірумен айналысатын компания адал еңбектің ақшасын бермей, біресе ары, біресе бері созып келеді, деп хабарлайды zakon.kz.
Алма өсіретін компанияда жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақы алмағандарына бірнеше ай болыпты. "Шыдамның да шегі бар" деген олар, басшылықтарына наразылықтарын білдірді. Тұрақты және жалданып жұмыс істеп жүрген 200-ге тарта азамат тамыздан бері көк тиын көрмепті. Қарызға белшемізден баттық дегендер, ішерге ас, киерге киім таппай қалғандарын айтады. Күн суытқалы көмір де түсіре алмай. үйлеріңде бүрсең қағып отыр екен, делінеді "Еуразия" бірінші арнасы жаңалығында.
ЖҰХАРГҮЛ ЗИЯМАН, ЖҰМЫСШЫ:
Қазір мектеп, ауылдарда қарызға бермейді. Мектептің асханасына да қарыз болып кеттік. Бала-шағаның жейтін тамағына да беретін ақша жоқ. Ал, қазір бұлар ақша жоқ дейді. Онда ақша жоқ болса, қазір барсын да кімге көмір керек, көмір алып берсін. Кімге тамақ керек, тамақ алып берсін. Кімге киім-кешек керек, соны алып берсін!..
Бұл компанияның 5 түрлі орында мың гектарға жуық жерлері бар екен. Ал ол аумақтардан бір айды айтпағанда, күніне қыруар табыс түсетін көрінеді. Сөйте тұра басшыларының жалақыға жарытпай қойғандарына жұмысшылар ашулы. Тіпті, қызметкерлерді ары-бері таситын жүргізушілер де жанар-жағармайды өз қалтамыздан құйып жүрміз деген базыналарын жеткізді.
ДІЛШАТ ҚАДЫРОВ, ЖҰМЫСШЫ:
Төрт бала бар мына жерде микроавтобус. Екі жарым миллионнан астам қарыз бар. Соны берсін. Үш ай болды өз қалтамыздан солярка құйып жатырмыз.
Алайда компания басшысы наразы топтың ортасында төбе көрсетпеді. Ал, жұмысшыларының уәжін мұқият тыңдағандай болған оның орынбасары, күні ертең тамыз айының айлығын толық береміз деп уәде беріп, тайып тұрған. Жергілікті әкімдік барлығын қадағалаймыз деп отыр.
АЙБЕК ІЛЕБАЕВ, ҚАРАТҰРЫҚ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:
Ол кісілер енді қазір айтып отыр: "Тамыз айының ақшасын ертең әкеліп беремізә деп бағана халыққа да, бізге де уәде берді. Сонымен қатар бағанағы қыркүйек айының ақшасын қарашаның 20-на дейін береміз деді. Бірақ, біз айттық қарашаның 20-на дейін ұзақ болады, қарашаның 1-не дейін істеп беріңіздер дедік. Ертең таңертеңмен өзім осында келемін. Халықпен бірге жүреміз.
Алайда жыр болған жалақыны күні ертең әкеліп береді дегенге мұндағылардың көбі секеммен қарайды. Өйткені, бұған дейін де талай уәде бергенімен, орындалмапты. Дегенмен, жергілікті билік араласқасын мәселе шешілер дейді. Ал уәде сөз күйінде қалса жұмысқа да шықпаймыз деп отыр.