Полицей басын қауіп-қатерге тігіп, мас жүргізуші тізгіндеген ауыр көліктің кабинасына секіріп мінді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Нұр-Сұлтан қаласы ПД мамандандырылған патрульдік полиция батальонының аға инспекторы Архат Рақышев қызметі барысында сағат 14:00-де Қошқарбаев көшесінде жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, апатты жағдай туғызған Howo маркалы автокөлігін байқайды. Автокөлік жүргізушісі полиция қызметкерінің заңды талаптарына бағынбай, қозғалысын жалғастыра берген. Нұр-Сұлтан қалалық ПД баспасөз қызметі
Ведомства нақтылап өткендей, полицей қаланың қақ ортасында көп тонналы бетон тиеген ауыр жүк көлігі жүргізушісінің жан-жақтағы азаматтардың өміріне қауіп төндіріп келе жатқанын түсініп, оны тоқтату туралы шешім қабылдайды. Радиостанция арқылы ол оқиға орнын хабарлап, сырттан көмек сұрайды. Содан кейін ол ауыр жүк көлігінің кабинасына секіріп мінгенімен, жүргізуші тарапынан қарсылыққа ұшырап, жол бойына құлады.
Көмекке жеткен өзге тәртіп сақшылары жол ережесін бұзған көліктің алдын көлегейлеп тоқтатып, тәртіп бұзушыны ұстады.
Куәландыру сараптамасының нәтижелері бойынша, ер адам орташа ауырлықтағы мас күйде болғаны анықталды.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті елордалық ПД-ның уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Автокөлік коммуналдық тұраққа қойылды.
29 жастағы полиция капитаны Архат Рақышев ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Қазір дәрігерлер полицейдің өмірі үшін күресіп жатыр. Ол ішкі істер органдарында 2015 жылдан бері қызмет етіп келеді. Нұр-Сұлтан қалалық ПД баспасөз қызметі