Нақтырақ айтқанда, бұл арадағы 14 жер телімінің мемлекеттік АКТ-сін заңсыз деп тану әрі оларға осы құжатты Талғар аудандық әкімдігі заңды белден баса отырып бергені үшін деген айыппен сотқа қағаз келіп түсті. Егер сот бұл айыпты қанағаттандыратын болса, онда Гүлдалада, яғни әуежай маңында орналасқан барлық тұрғын үйлер сүрілуі мүмкін. Бұл хабар кезінде мұндағы жер телімінің өзін 14-15 мың долларға сатып алған жұрттың төбесіне жай түскенмен бірдей әсер етіп, у-шу болды, делінеді "Еуразия" бірінші арнасының сюжетінде.
14 жер телімінің иесін Талғар аудандық сотына шақырған. Олардың мемлекеттік АКТ-сін заңсыз деп тану туралы. Ал жолдың қарсы бетіндегі бүтін бір қалашықтың бірде бір тұрғынына ондай ескерту келмеген.
Жарқын Қасенов 2014 жылы Гүлдала елдімекенінен 14 мың доллаға жер телімін сатып алып, үй салған. Жалпы шығынын 30 миллион теңгеге бағалауда. Осында тұрып жатқан ол жер телімінің құжаттары заңсыз деп танылса далада қалауы мүмкін. Жарқын тұрғындарды алаламай сол арадағы коттедж қалашығы да сүрілсін дейді.
Менің үйімді алып тастағаннан не пайда, 10 метрден кейін басқалары тұр самсап. 10 метр деген не ұшақ үшін? Сырғанап шықса мына коттедж қалашыққа да кіріп кетеді ғой. Газ бар, не бар. Олардың да құжатын көтерсін, қаншалықты заңды екен. Түгел бәрін алсын, 500 метрге дейін күзетілетін аймақ деп отыр ғой өздері. Жарқын Қасенова
Әкімдік жерді сатып алған тұрғындарға үйлерін толығымен салып бітірген соң құжаттары берілетінін айтыпты. Бірақ мұна құрылыс салуға болмайды деп ешкімнің ескерту бермегеніне қапалы.
Мен осы кісілермен бардым Гүлдаладағы әкімдікке. Барғанда құжат қазір болмайтынын айтты. Қазір гос АКТ береміз, үй салыңыздар, соны бітіргеннен кейін құжат болады деді. Ал үйді бітіріп болғанша ұшақ құлады. Содан кейін бізді кеше сотқа шақырды. Сотқа барсақ жер заңсыз деді. Қайтарасыздар деді. Гүлдала елдімекенінің тұрғыны Махаббат Юсупова
2019 жылы Бек эйр әуе компаниясының ұшағы әуежай маңында екі қабатты үйге соғылып апатқа ұшыраған болатын. Сол кезде үйдің иесіне аудан әкімдігі шығынды өтеп береміз деп уәде берген. Үйі сүрілгенімен өтемақы жоқ.
Өтемақы береміз, сен уайымдама ешқандай, біз өтеп береміз деген. Шығынның бәрін төлейміз деген. Жолан мырза қайтыс болғаннан кейін ол әңгіме жабылды. Ұшақ соғылған үйдің иесі Ришат Қалибек
Алматы облыстық әкімдігіне қарасты Жердің пайдалануын қадағалау және қорғауын бақылау басқармасы Талғар аудандық әкімдігін, жер қатынастары бөлімін, аудандық халыққа қызмет көрсету орталығын және жер телімінің иелерін сотқа беріп отыр. Осылайша 6 гектар аумақты мемлекет меншігіне қайтаруды көздейді.
Қазір 14 участок, өйткені жауапкерлер көп. Көп адам келгенде санитарлық норманы бұзбау үшін осылай беріліп жатыр. Заң бойынша аэропорттың аумағында 50 метр жерде ешқандай құрылыс болмау керек. Өйткені олардың әуежайлардың қызметіне кедергі келтіретіні заңда көрсетілген. Алматы облыстық Жердің пайдалануын және қорғауын бақылау басқармасының бөлім басшысы Арман Кәріпбаев
Ал аудандық әкімдікке келіп жауап беруін талап еткен тұрғындарға шенділер тұшымды ештеңе айта алмады.
Қазір соттың шешім қалай шығады сіздерге айтып отырмын ғой тағы да. Сот егер выкуп жасаңдар сатып алыңдар десе оның бәрі заңды болған жағдайда сатып аламыз. Сондай шешім шығарса сондай шешіммен жұмыс істейміз. Қазір ол жермен облыстық прокуратура , облыстық жер инспекциясы айналысып жатыр. Талғар ауданы әкімінің орынбасары Ермек Толқынов
Жалпы әуежай маңында отызға тарта үй бар екен. Егер оның құжаттары заңсыз деп танылса барлығы сүрілуі мүмкін. Естеріңізге сала кетсек, мамыр айында аудандық сот әуежай маңында жер телімін сатуға қатысы бар Талғар ауданының бес экс- шенеунігі мен риелторды соттаған болатын. Олар 2011 жылдан бері жер телімдерін заңсыз сатып келген екен.