Мысалы, наурызда ауаның орташа температурасы республиканың басым бөлігінде нормадан 1-2°С жоғары, Батыс Қазақстан облысында, Атырау облысының солтүстік-батысында нормаға жуық болады деп болжанды.
Ал сәуір айында еліміздің барлық аумағында ауа температурасы нормадан 1°С жоғары болмақ. Батыс Қазақстан облысында, Шығыс Қазақстан облысының басым бөлігінде, Алматы облысының оңтүстік-шығысында болса, норма шамасында.
Алайда көктемгі ауа райының қыстағыдай тосынсыйы болуы мүмкін. Себебі өтпелі маусымда синоптикалық процестер өте тұрақсыз келеді. Осылайша суық ауа массасы ағыны қарлы боран тудырып, көбіне солтүстік аймақтарға әсер етуі мүмкін. Арктикалық антициклондардың кіруімен оңтүстік аймақтарда аяз болуы ғажап емес.Синоптиктер
Мамырда еліміздің басым бөлігінде ауаның орташа айлық температурасы көп жылдық нормаға жуық болады. Дегенмен бірқатар облыстарда, әсіресе елдің солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінде мамыр күндері ауа температурасы климат нормасынан 1°С төмен болады. Бұған Сібір аудандарынан келетін суық ауаның әсері болады.
Синоптиктер наурызда Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормаға жуық, ал елдің солтүстік-батыс бөлігінде нормадан артық болады деп болжады.
Сәуірде жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде, еліміздің батысында, қиыр солтүстігінде, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының оңтүстік-шығыс жартысында, Түркістан және Жамбыл облыстарының таулы, тау бөктерлі аудандарында нормадан аз болады.
Мамырда Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормаға жуық болады. Ал Қызылорда, Түркістан, Қостанай облыстарының басым бөлігінде, Қарағанды облысының батыс жартысында, Жамбыл облысының солтүстік-батыс жартысында, Ақтөбе облысының оңтүстік-шығысында нормадан аз болады.