Instagram-дағы парақшалардың бірінде жарияланған ақпаратта оқиға 12 наурызда болғаны айтылады. Түнде қаладағы такси қызметтерінің біріне тапсырыс түседі. Тапсырыс бойынша бір топ адамды әуежайға жеткізу керек.
Таксиге жүк сөмкесі бар үш адам мінген. Такси жүргізушісі шығыс айналма жолымен жүріп, Бұқтырма көшесіне бұрылады. Экопостқа жеткенше жолаушылар жүргізушіден Нұршашқан шағын ауданы арқылы өтуін, сосын жолда тоқтауын сұраған.
Біреуі (үш жолаушының. – Ред.) жүргізушіге алты-жеті рет пышақ сұғып алған. Кейін олар жүргізушіні орнында қалдырып, көлікті ұрлап кеткен, – делінген хабарламада.
Жүргізуші ауруханаға жеткізілді. Ал көлік пен қылмыскерлер әлі табылған жоқ.
Zakon.kz редакциясы түсінік алу үшін Алматы Полиция департаментіне жүгінді. Ондағылар бұл факті сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде Қылмыстық кодексінің 192-бабы, 4-бөлігімен тіркелгенін айтты.
Қылмыстық істі Түрксіб ауданы полиция басқармасы тергеп жатыр. Арнайы тергеу-жедел тобы құрылды. Оның құрамына қаланың криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері де кіреді. Полицейлердің әрекеті күдіктілерді ұстап, қылмыстық жауапкершілікке тартуға бағытталған.Алматы Полиция департаментінің баспасөз қызметі
Ведомстводағылар тергеу барысы Алматы қалалық Полиция департаменті басшылығының бақылауында екенін айтты.
Өз кезегінде Яндекс Go баспасөз қызметі бұл оқиғаны «есенгіреткен жағдай» екенін айтты.
Оқиға туралы білген бойда жүргізушімен дереу хабарласып, қолдау көрсетуді жалғастырдық. Команда ол орналасқан серіктес такси компаниясымен сөйлесті, біз бірге оған көмектесуге дайынбыз. Ресми сұраныс бойынша құқық қорғау органдарымен де ынтымақтасамыз, – делінген компания хабарламасында.