Оқиға 19 наурыз күні сағат 14:20 шамасында Шемонаиха қаласындағы Вокзальная көшесінде болған.
Nissan Skyline көлігінің 25 жастағы жүргізушісі кәмелетке толмаған үш баланы (2007 жылы, 2013 жылы және 2018 жылы туған) қағып кетті. Зардап шеккендер түрлі дене жарақаттарымен Шемонаиха аудандық ауруханасына жеткізілді.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Nissan жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот-медициналық сараптамалар тағайындалды, оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Балалардың жағдайы туралы 20 наурызда Zakon.kz сайтына Шығыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.
Қазір зардап шеккендер жансақтау бөлімінде облыстық мамандардың бақылауында. Апат салдарынан балалар ауыр жарақаттар алған. Ұшеуінде де ашық бас сүйек-ми зақымдары бар.
Дәрігерлер алғашқы қажетті медициналық көмек көрсетті. Жол-көлік апатынан зардап шеккен балалар кеше жасанды тыныс алу аппаратында болса, бүгін олар өздігінен тыныс алып жатыр.
Балаларды облыс орталығына апаруға келетін болсақ, бұл туралы қандай да бір шешімді ШҚО денсаулық сақтау басқармасының бас балалар реаниматологы Равиль Халитов қабылдайды. Мүмкіндік болса, олар Өскемендегі Ана мен бала орталығына ауыстырылады. ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы
Басқарма өкілінің мәлімдеуінше, бас балалар реаниматологы үнемі байланыс жасап отыр, оған балалардың жағдайы туралы ақпарат жедел хабарлануда. Сонымен қатар Ана мен бала орталығының мамандары шемонаихалық әріптестеріне кеңес беруде.