Атырау облысында жоғалып кеткен 11 адам іздестіріліп жатыр

Атырау облысында жоғалып кеткен 11 адам іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қазақпарат облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобына сілтеме жасай отырып, 9 мамырда сағат 10:50-де Исатай ауданында бір күн бұрын хабар-ошарсыз кеткен 11 адамды іздестіру жұмыстары қайта жалғасып жатқанын хабарлайды.

«УАЗ» маркалы автокөлігінің жүргізушісі мен 10 жолаушы 8 мамыр күні сағат 14:00-де «Ақмандай» учаскесіне бару үшін жолға шыққан. Бұл учаске аудан орталығы – Аққыстау ауылынан 160 шақырым қашықта орналасқан. Алайда, жолға шыққан адамдар осы уақытқа дейін Аққыстау ауылына оралмағаны анықталды», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.

Жоғалған адамдарды іздестіру жұмыстарына Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 4 қызметкері мен жол талғамайтын «ТРЭКОЛ» техникасы тартылды. Іздестіру іс-шарасына Исатай аудандық полиция бөлімінің 1 қызметкері шықты.

Сондай-ақ, 8 мамырда сағат 21:00-де Каспий теңізіне таяу жердегі батпаққа батып қалған көліктен 2 адам құтқарылған.

«Атырау қаласына таяу орналасқан Еркінқала ауылдық округінен 15 шақырымдай қашықтықта «Land Cruizer» маркалы автокөлігінің батпаққа батып қалғаны туралы хабар түсті. Көлікте 2 адам болған. Батпаққа батқан көлікке жедел-құтқару жасағының 2 қызметкері арнайы техникамен жедел жетті. Құтқарылған екі адам Еркінқала ауылдық округіне дейін жеткізілді. Олар жедел медициналық көмекке жүгінген жоқ», -деп мәлім етті қоғаммен байланыс тобынан.
Атырау
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: