Шымкенттегі студенттің өлімі. Марқұмның туыстары колледж директорын іздеп, таппады

Шымкентте жатақханада мерт болған студенттің жақындары Манап Өтебаев колледжінде шу шығарды. Марқұмның туыстары 15 жастағы балаға бас-көз бола алмады деп колледж басшыларын жауапқа тартуды талап етуде, деп хабарлайды Zakon.kz.

Түлкібаста 9-сыныпты бітіре салып Шымкенттегі Манап Өтебаев колледжіне оқуға келген Нұрхат Дүйсеннің мәйіті жатақханадан шықты. Кеше ғана 15 жастағы ұлды жер қойнына тапсырған ет жақындары бүгін екі күннен бері кешірім сұрамақ түгілі, қоңырау соқпаған колледжге басып кірді. Қанша іздеп, жер тепкілесе де директор төбе көрсетпеді, есесіне ашулы топ алдына білім басқармасының басшысы шығып, кінәлілер жазаланатынын айтты, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Нұрхат отбасындағы төрт қыздың ішіндегі жалғыз ұл болған. Анасының айтуынша, қыркүйектің бірінен бастап Шымкентке оқуға кеткен шәкірт үздіксіз ақша сұраумен болыпты. Сондықтан оған колледж бен жатақханада әлімжеттік көрсетілген дейді.

Нұрхат жан-жақтан ақша сұрай бастаған. Туыстарынан, әпкелерінен сұраған. Енді олардың бәрі қиналып жатыр деп, бере берген. Сол, бұдан ақша талап еткен. Қорқытқан. Оны бізге айтуға қорыққан. Бірақ менің өзіме айтты: "Мама, мен қиналып кеттім, қиналсам да, мен еркекпін ғой, шыдаймын, сол оқуды бітіріп шығамын" деп, сөйтіп уәде берді. Марқұмның анасы Айжан Қашағанова

Аманат еткен баланы аман алып қала алмағандардан бөлек, туыстары полицейлердің селқостығына да наразы. Себебі, қайғылы жағдай болғанына екі күн өтсе де, жатақхана ішіндегі камералар әлі қаралмапты. Тіпті күдіктілер белгілі болса да, ешкімге айып тағылмады деп отыр.

Үшеуі ертіп кетіп бара жатқанда тоқтап, қара жігіт бар, кішірек келген, тоқтап, артына бұрылып, ішінен бір ұрып едім деді. Сол кезде бала еңкейіп қалған. Екінші біреуі тағы бір ұрған. Содан құлады деді. Содан аузы көпіршіп қалған еді. Екі бала ұрды, құлады, тұншығып өлді деп, балалар мойындап тұр. Мейірбике мойындап тұр. Мына жерде күдікті деп ешкімді танымаған. Ешкімді қамаған. Сол кезде бала өздігінен тұншыққан, ауруы жоқ бала, тұншығып өлді деп мойындап тұрған нәрсені ешкім қамалмаған, ешкім! Күдікті жоқ. Марқұмның туысы Рахман Өзенбаев

Полицейлер сот-медициналық сараптама тағайындалып, бір баппен қылмыстық іс қозғалғанын айтады. Бірақ марқұмның туыстары сараптама қорытындысы өзгеріп кете ме деп қорқады. Сондықтан Бас прокуратура қатаң бақылауға алса дейді. Және Нұрхат оқыған колледждің басшысы мен орынбасарларын жұмыстан босатып жауапқа тартуды талап етіп отыр.

Колледжге білім басқармасының басшысы келді. Жанат Тәжиева қазір 15 адамнан тұратын арнайы комиссия құрылып зерделеу жұмысы жүргізіліп жатқанын айтады.

Өз ісіне жауаппен қарамағаны үшін, тиісті тұлғалар басшылықтың бақылау жұмысын өз дәрежесінде жүргізе алмағаны үшін бірінші басшы қатаң жауапкершілікке, жұмыс орнын босатқанға дейінгі қатаң жауапқа тартылатын болады. Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева
Шымкент
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: